Алакөлдің ғарыштан түсірілген түрлі-түсті суреті жарияланды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алакөлдің ғарыштан түсірілген суреті көздің жауын алады / фото: esa.int
Алакөлдің ғарыштан түсірілген суреті көздің жауын алады / фото: esa.int

Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) Қазақстанның шығысындағы ірі табиғи су қоймасы – Алакөлдің ғарыштан түсірілген суретін жариялады. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Ғылыми маңызы зор радиолокациялық суретті Copernicus Sentinel-1 спутнигі түсірді. Әдетте суреттің мұндай түрі ақ-қара түсті болып келеді. Агенттік үш бөлек локацияны біріктіріп, әрқайсына түс берген. Мәселен, көк – наурыз, жасыл – сәуір, қызыл – мамыр айын білдіреді. Үшеуін біріктірген уақытта көлдегі өзгерісті байқауға болады.

Алакөлдің солтүстік-батыс жағында екі шағын көл бар. Қошқаркөл мен Сасықкөл. Спутниктен түсірілген суретке олар да кірген.

Алакөл-Сасықкөл жүйесі халықаралық маңызы бар Рамсар су-батпақ конвенциясымен қорғалады. Мұнда үлкен қоқиқаз, бұйра пеликан секілді құстар аялайды.

Алакөл Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиясымен шекараға жақын орналасқан. Осы маңда Жоңғар қақпасы бар. Табиғи алқап Орталық Азия мен Қытайды жалғастырып жатыр. Суреттен осының бәрін көруге болады.

Көлдің оңтүстігінде тағы бір табиғи су қоймасы жатыр. Ебінұр – Шыңжаңның солтүстік-батысындағы ірі тұзды көл. Кейінгі жылдары оның аумағы әлдеқайда азайғанын байқауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз