Газадағы қасірет: бір сәтте тоғыз баласынан айрылған Хамдидің өзі хал үстінде жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Газа секторындағы Хан-Юниске жасалған шабуылдан ондаған адам қаза тапты / фото: REUTERS
Газа секторындағы Хан-Юниске жасалған шабуылдан ондаған адам қаза тапты / фото: REUTERS

Газа тұрғыны Хамди Әл-Наджар Израиль әуе соққысы басталған уақытта он баласымен бірге Хан-Юнистегі үйде отырған. Шабуылдан тоғыз бала қаза тапты. Жалғыз баласы ғана қалған әке Сектордағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр деп жазды Reuters.

Газа секторының оңтүстігіндегі Насер ауруханасында Хамдиге екі хирургиялық ота жасалды. Ол іші, кеудесі және басынан жараланған.

Израиль әскері 23 мамырда Хан-Юниске шабуыл жасалғанын растады, бірақ ғимарат ішіндегі күдіктілер нысанаға алынғанын мәлімдеді. Олар әскери операция қарсаңында бейбіт тұрғындарды көшірдік деп отыр.

Газа тұрғыны Хамди Әл-Наджар шабуыл жасалған уақытта он баласымен үйде отырған / фото: REUTERS/Hatem Khaled 
Газа тұрғыны Хамди Әл-Наджар шабуыл жасалған уақытта он баласымен үйде отырған / фото: REUTERS/Hatem Khaled 

Дәрігерлердің айтуынша, қаза тапқан тоғыз баланың ең үлкені 12, ал кіші бір жаста. Тірі қалған бала да ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалайды. Әл-Наджардың әйелі Алаа шабуыл жасалған уақытта жұмыста – ауруханада болған, жаралы палестиналықтарды емдеп жүрген.

«Ол үйіне барып, балаларының тірідей өртеніп кеткенін көрген. Құдай өзі жар болсын», – дейді Алааның қайынәпкесі Тахани Яхья Әл-Наджар.

Жексенбі күні Тахани ауруханаға барып, бауырының құлағына: «Бәрі дұрыс болады. Қайғы әлі сейіледі», – деп сыбырлады.

Хамдидің бауыры Әли Әл-Наджар суыт хабарды ести салысымен өртенген үйге қарай жүгірген, үйінді астанынан туыстарын іздеген.

«Біз күйіп кеткен денелерді алып шыға бастадық», – дейді қабырғасы қайыса сөйлеген Әли.

20 айдан астам уақыттан бері жалғасып жатқан соғыста Газа секторындағы 2 млн адамның дені басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болды.

2023 жылғы қазанда ХАМАС Израиль аумағына басып кіріп, 1200-ге жуық адамды өлтірді, 251 адамды тұтқынға алды. Артынша Израиль Секторда әскери операция бастады. Содан бері 53 мыңнан аса палестиналық қаза тапты. Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл соғыста 18 жасқа толмаған 16 500-ден аса бала мерт болды.

Сондай-ақ оқыңыз