Алматы облысындағы астық қоймасында жарылыс болып, бір адам көз жұмды

Алматы облысында «АзияАгроФуд» зауытының қоймасы жарылып, бір жұмысшы қаза тауып, төрт адам зардап шекті.
Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылы маңында «АзияАгроФуд» АҚ астық сақтау қоймасы жарылды. Компания мәліметінше, жарылыс ұн тозаңының тұтануынан болған.
Оқиға салдарынан бір жұмысшы көз жұмды. Компанияның тағы төрт қызметкері зардап шеккен. Олар бүгінде Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр.
«Біз ішкі қызметтік тексеруді бастап кеттік және болған оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін тиісті органдармен толықтай ынтымақтасып жатырмыз», – деді «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашенов.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мәліметінше, оқиға 23 мамыр күні тіркелген. Жарылыс салдарынан өрт шыққан. Ал оқиға орынында түсірілген видео 26 мамырда әлеуметтік желілерге жарияланды.
«Өрт екінші элеватордың тоғыз қабатты ғимаратының бірінші қабатында орналасқан астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасының жарылуынан туындаған», – делінген ТЖД хабарламасында.
Өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 31 техника жұмылдырылды. Жалын шарпыған аумақ 1377 шаршы метрді құрады.
«АзияАгроФуд» компаниясы өз кезегінде ішкі тексеріс бастағанын және орын алған жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында тиісті органдармен тығыз ынтымақтастық орнатып жатқанын мәлімдеді.
«АзияАгроФуд» АҚ — Қазақстандағы ірі астық өңдеу және тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорын. Компания 2005 жылы құрылған. Оның құрылтайшылары – KazFoodProducts ЖШС мен Айдархан Сарсембаев. KazFoodProducts компаниясының негізгі иесі – байлығы 93 млн долларды құрайтын Ерлан Баймұратов.