Инвестиция салуға үгіттеген тағы бір қаржы пирамиданың былығы ашылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қаржы пирамидасы клиенттердің сенімін арттыру үшін жеке кабинеттері бар сайт ашқан / Фото: shutterstock

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды сан соқтырған тағы бір  қаржы пирамидасын анықтады. Бұл жолы медициналық каннабиске инвестиция салуды үгіттеп, салымшылардың 52 млн теңгесін қалтаға басқандар ұсталды.

Агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Sincere Systems Group» атты қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген. Тергеу мәліметінше, пирамиданың ұйымдастырушылары өздерін Ұлыбританиядан келген беделді компания өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды әртүрлі жобаларға — соның ішінде медициналық каннабис өсіру мен оны жаһандық нарықта сату секілді инвестициялық жобаларға қаражат салуға үгіттеген.

«Клиенттердің сенімін арттыру үшін жеке кабинеттері бар сайт құрылған. Онда пайдаланушылар ішкі SWP және SWCT токендері арқылы есепшоттарын толықтырып, фиаттық ақшаға айырбастай алған»,– делінген хабарламада.

Алайда тергеу барысында күдіктілер жиналған қаражатты жеке мақсаттарда пайдаланғаны анықталды. Құқық қорғау органдары келтірілген залалдың жалпы көлемі 52 млн теңгеден асқанын хабарлады.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі жалпы құны 76 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, Теміртау қаласындағы жер телімі мен демалыс аймағы (кемпинг), Астана қаласындағы пәтер мен автотұраққа шектеу қойылған.

Күдіктілердің бірі үйқамаққа алынған, екіншісі — елден шықпау туралы қолхатпен босатылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдары танысу үшін берілді.

Осыған дейін, Қызылордада Qnet қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталған болатын. Олардан 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленді. Қатысушылардың салымдары 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін өзгеріп, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған.

Сондай-ақ оқыңыз