Астанадағы құрылысы тоқтап қалған тұрғын үй кешені су астында қалды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанадағы «ЖаңаАрқа» тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылысына қатысты пікір білдірді. Аталған кешенді бүгінде екінші қабатына дейін су басып кеткен.
Елорданың шетінде, Қордай көшесінде (Сарайшык ауданы) орналасқан тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Жоба мердігері – BBS Gold ЖШС. Қазіргі таңда нысан құрылысы тоқтап, ұзаққа созылған құрылысқа айналды. Дренаж жүйесінің болмауы мен инженерлік желілердің толық аяқталмауы салдарынан аумақты су басқан: су деңгейі үйлердің екінші қабатына дейін көтерілген. Кешеннің суға толған көрінісі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамда қызу талқыға түсті. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің ауласында тұтас «көлшік» пайда болған.
Қылмыстық іс
«ЖаңаАрқа» кешенінің тағдыры туралы мәселе Үкімет брифингінде де көтерілді. Министр Ерсайын Нағаспаев бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
«Біз бұл жағдайдан хабардармыз. Құрылыс жұмыстары тоқтаған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Құрылыс кооперативінің үлескерлерімен бірлесіп, аяқталмаған нысанды жәбірленуші үлескерлердің меншігіне өткізу мәселесі шешіліп жатыр», – деді министр.
Астана әкімдігінің мәліметінше, елордада былтырғы тексеріс кезінде құрылысшылар тарапынан 600-ге жуық заңбұзушылық анықталған. Оның алтауы лицензиясынан айырылып, 180-нен астам іс сотқа жолданған.