Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады

Жарияланды
Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады
Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады / Фото: Дилара Иса

27 мамыр күні сот орындаушылары «Қиял әлемі» саябағындағы атракциондар мен ғимараттарды сүре бастады. Сүруге қала тұрғындары мен саябақта нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер мен олардың жұмысшылары қарсы шықты. Бұған дейін кәсіпкерлерге өз мүліктерін алып кету үшін 3 ай уақыт берілген.

Саябақтың жұмыс істеп тұрғанына 25 жыл толды. Онда ондаған кәсіпкер жұмыс істеп нәпақа табады. Олардың бәрі саябақ ішіндегі ғимараттар мен атракциондарды сүруге түбегейлі қарсы.

Саябақ аумағы 4 гектардан асады. Оны мемлекет 49 жылға жалға берген. Жалға беру уақыты әлі бітпесе де, қала әкімдігі былтыр жерді кері қайтарып алу үшін сотқа жүгінген. Сот әкімдіктің есебіне шешім шығарған. Ортада онда жұмысын жолға қойған кәсіпкерлер шығынға батып отыр.

Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады / Фото: Дилара Иса

Ауыр техникамен саябақ қақпасына келген сот орындаушыларын ашулы кәсіпкерлер қарсы алды. Олар қақпа алдына көлденең тұрып алып, техниканы ішке кіргізбеуге тырысты. Қақпаға жақын маңдағы ғимаратты сүре бастағанда кейбірі техниканы жүргізіп отырған жүргізушілерге жүгіріп барып, тоқтатуды талап етті. Оларды оқиға орнына келген полицейлер ажыратты.

Мысалы, менің кредитім бар. Осы жұмыс маусымында несиемнің жартысын жабамын ба деп ойлағам. Сол үшін күн демей, түн демей жұмыс істеп жүр едім. Енді не істеймін? Келді де бар жоспарымды кесіп кетті, – дейді шарасыз күйге түскен жеке кәсіпкер Шолпан Тұрбаева. Кейбірі «Заңсыз болса осыған дейін әкімді қайда қарады?» деді ашуға булығып.

Жұмыссыз далада қаламыз деген кәсіпкерлер қала әкімдігіне басқа жақтан жер беруін талап етті. Оның өзінде жаңа орында жұмысын жолға қойғанша «Қиял әлемі» саябағын сүруді уақытша шегеруді сұрады. Бұл талап орындалса саябақты ерікті түрде босататынын мәлімдеді.

Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады / Фото: Дилара Иса

Бұл талапқа қала әкімдігі көнбеді. Оқиға орнына келген қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжановтың айтуынша, саябақ әу баста жалға дұрыс берілмеген.

Сот «мемлекеттің жерін заңсыз пайдаланып жатыр» деген шешім шығарған. Саябақ ішінде 30-дан аса ғимарат бар. Оның бәрі сүруге жатады. Жиналған кәсіпкерлер саябақ жерін жалға алған кәсіпкермен келісім-шартқа отырған. «Мұның өзі заңсыз» деді басқарма басшысы.

«Заңсыз болса неге осы уақытқа дейін пайдалануға беріліп келді?» деген сұраққа Керімжанов жауап бере алмады.

Алдын ала 2025 жылдың наурыз айында ескерту берілді. Атракциондарды шығаруға Шымсити ықшам ауданынан жер телімдері берілген. Кәсіпкерлер оған келіспеді, – дейді басқарма басшысы.

Саябақта сүруге жататын 30 -дан аса ғимарат болғанымен бүгін бір нысанның қабырғасын құлатты. Қалған нысандарды бұзып, сүруге жиналғандар жол бермеді.
Ресми мәліметке қарағанда, аталған 30-дан аса нысанның бәрін бірдей заңдастырылмаған. Оның 9-ының құжаты рәсімделген. Қалғаны заңсыз жұмыс істеген. Саябақтағы ғимараттар мен атракциондар сүрілсе, орнына тұрғындар сейіл құратын демалыс орнына айналады. Ал саябақ ішінен салына бастап, құрылысы аяқталмаған үлкен ғимараттың тағдырын әлі сот шешпеген.

Шымкентте «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады / Фото: Дилара Иса

2009 жылы «Қиял әлемі» саябағы «Айгерім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне балалар ойын-сауық орталығын орнату үшін 49 жылға жалға берілген еді. 2024 жылы жалға беру шартын жарамсыз деп тану үшін қалалық жер ресурстарын басқару департаменті қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірген. Мамыр айында сот бұл талап-арызды қанағаттандырған. Серіктестік апелляциялық шағым түсіргенімен, сот оны қанағаттандырмаған. Содан кейін әкімдік кәсіпкерлерге жер учаскесін бастапқы қалпына келтіруді міндеттеген.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, соңғы жылдары бұл орында бірнеше төтенше оқиға орын алған. Өрт шығу фактілері тіркеліп, екі студент пен бір адам қаза болған қайғылы оқиға орын алды. Осыған байланысты әкімдік кәсіпкердің жалдау шарттарын бұзғанын алға тартып, жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруды талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз