Еліміздегі сот процестерінің 25 пайызы ғана қазақ тілінде өтеді – заңгер

Еліміздегі соттардың тек 25 пайызы ғана қазақ тілінде өтеді. Мұндай пікірді заңгер Мейірман Шекеев айтты.
«Соттағы мемлекет тілдің мәртебесін көтеру керек деп шырылдап келе жатқаныма 10 жылдан асты. Алайда белгілі бір бағытта жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Қазақстанда сот отырысының 25 пайызы ғана мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алматы мен Астана қаласында 5-ақ пайыз», – дейді Шекеев.
Шекеевтің айтуынша, көптеген елде іс алдымен мемлекеттік тілде қозғалады.
«Сот ісін қазақ тілінде жүргізуге көп дүние кедергі келтіреді. Адвокаттардың көбі қазақша сөйлей алмайды, қылмыстық кодекс, тәжірибе орыс тілінде. Адам автоматты түрде орыстілді болып кетеді. Бірнеше елдің тәжірибесін зерттедім, бәрінде қылмыстық іс мемлекеттік тілде қозғалады. Бізде де солай болуы керек», – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Парламентте үш мыңға тарта заң қаралған. Азаматтық құқық саласына маманданған заңгер, жеке құқық профессоры Марат Ахмади оның ішінде тек екі заң ғана қазақ тілінде жазылғанын, қалғаны әуелі орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылғанын айтады.