Ғылым министрлігі шетелге оқуға түсуге көмектесетін ұйымдарға қатысты ескерту жасады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шетелге оқуға түсуге көмектесетін ұйымдар лицензиясыз жұмыс істейді/фото: shutterstock

Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелге оқуға түсуге көмектесетін ұйымдарға қатысты ескерту жасады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік университеттерге түсуге көмектесетін ұйымдардың қызмет сапасына қатысты шағым көбейген.

Комитет төрағасының сөзінше, ЖОО түсуге дайындық қызметтерін, соның ішінде шетелдік оқу орындарына кеңес беру қызметін көрсететін ұйымдардың қызметі қосымша білім беру саласына жатады және оларға лицензия алу міндетті емес.

«Мұндай қызмет кәсіпкерлік қызмет шеңберінде азаматтық-құқықтық шарттар негізінде жүзеге асырылады. Осыған орай мұндай қызметтерді көрсететін ұйымдар жоғары білім беру туралы диплом бермейді, мемлекеттік білім беру бағдарламаларын іске асырмайды, ресми білім беру субъектісі саналмайды. Демек бұл ұйымдар мен азаматтар арасындағы қатынастар екі тараптың ерікті келісімі негізінде құрылады», – деді Көбенова.

@gylymjogarybilim Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік университеттерге түсуге көмектесетін ұйымдардың қызмет сапасына қатысты шағымдардың көбейгеніне байланысты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ескертеді: аталмыш ұйымдар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыратын оқу орындары болып саналмайды және сәйкесінше міндетті лицензиялауға жатпайды. Азаматтарды білім беру қызметтерін таңдауда және шарттар жасасуда мұқият болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда құзыретті органдардан кеңес алуға шақырамыз. #ҒЖБМ #МНВО ♬ оригинальный звук – gylymjogarybilim

Мұндай ұйымдарды таңдау және шарт жасау жауапкершілігі қызмет алушыларға және олардың заңды өкілдеріне жүктеледі.

Осылайша министрлік өкілі азаматтарды білім беру қызметтерін таңдауда және шарттар жасасуда мұқият болуға, қажет болған жағдайда құзыретті органдардан кеңес алуға шақырды.

Бұған дейін Kursiv.Media осы айдағы тағылымдама және университеттерге грант тағайындау бағдарламаларының тізімін әзірлеп, талаптары туралы деректерді жинады.

Сондай-ақ оқыңыз