«Мәйітін шұңқырға лақтырған»: Жаркентте көз жұмған әскери жайлы тың деректер айтылды

Жетісу облысы Жаркент қаласындағы әскери гарнизонда қаза тапқан бақылау тобының аға офицері, капитан Дархан Дәулеттің жақындары Астанаға келеді. 2025 жылдың 29 мамырында қылмыстық іс бойынша сот процесі басталады, деп хабарлайды KursivMedia.
Істің мән-жайы
Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. Шені капитан болып көтерілген соң 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркент қаласына ауысқан. Ол жерде инженерлік бөлімнің бастығы болған.
2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына түскен күні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол күні қайтыс болған.
«Жанында болуы керек екінші кезекші сол күні сұранып кеткен, жұмыс орнында болмаған. Дархан сағат 23:30-да сарбаздарды тексерген, содан шығып келе жатқан кезде оны 3 сарбаз ұстаған. Алдын ала спорт киімін киген, қолдарында арқан болған. Дарханға жабылып, аяқ-қолын арқанға байлап, қой сияқты ары-бері көтеріп жүрген. Былғары қолғабын шешіп, аузына тыққан. Тамағына дейін…содан ауа жетпей, өкпесі қарайған. Әкем сараптамаға алып барғанда көрген, «өкпесі қап-қара болып кеткен» деді», – дейді Тоғжан Дәулет.
Айтуынша, үш сарбаз майордың бұйрығын орындағанын жеткізген.
«Дарханды байлап, спорт қалашығы шетіндегі шұңқырға лақтырып кеткен. Артынша жүгіріп келіп, сержант Инаят Абимолдаға «майордың бұйрығын орындадық» деп баяндаған екен. Сержант сол кезде ешқандай әрекет жасамаған. 30 минуттан кейін сержант Сүйіндікке тексеруді тапсырған. Дарханның мәйітін сержант Сүйіндік тапқан», – дейді марқұмның қарындасы.
Тергеуге көңілі толмайды
Марқұмның қарындасы Тоғжан Дәулет тергеуге көңілі толмайтынын айтты.
«Тергеуге көңіліміз толмайды. Себебі Дарханның ұялы телефонын алды, 3 айдан кейін қайтарып берді. «Аша алмадық» деді. Тергеу барысында ресми өтініш жолдаса, ашуға болатынын анықтадық. Ондай әрекет жасамаған. Ішіндегі мағұлмат өшеді-ау деген уақыттан кейін қайтарды. Қазір іске қатысы бар делінетін сержант Инаят Абимолдаға қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты, бірақ ол да әлі нақты емес. Ұстала ма, соттала ма – белгісіз. Ол кісі сол күні кезекші болған, сарбаздарды қадағаламаған», – дейді Тоғжан Дәулет.
Министрлік мәлімдемесі
Тоғжан Дәулеттің сөзінше, Құрлық әскерлері 2024 жылдың 14 қарашасы таңертең Дарханның оқыс жағдайда қайтыс болғанын айтқан.
«Офицер қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан деп өзіне жапты», – дейді ол.
Қорғаныс министрлігі қайғылы жағдай болған күні әскери қызметкердің жоспардан тыс сабақ өткізу кезінде қаза тапқанын хабарлады.
«2024 жылдың 14 қарашасында диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды»,- делінген Қорғаныс министрлігінің сол кезде таратқан ақпаратында.
Сот Астанада өтеді
Іс бойынша 4 айыпталушы бар. Марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар адам саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Сотқа тартылғандардың ішінде майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта судья Еркін Шәріпбеков қарайды.
Оларға қылмыстық кодекстің 439-баптың 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi адам өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.
«Аса ауыр қылмыс болғандықтан Астанада өтеді деп айтты. Өзіміз Алматы не Талдықорған қаласында өтуін сұраған едік. Әкеуміз екеуміз іс бойынша жәбірленуші деп тіркелдік», – дейді марқұмның қарындасы.