Жаркентте екі қазақстандық Қытай азаматын алдап, алты көлігін сатып жіберген

Ішкі істер министрлігі Жетісу облысында ірі алаяқтық қылмысы әшкереленгенін мәлім етті.
Мән-жайы
Қытаймен шекараға жақын Жаркент қаласының маңындағы Атамекен ауылында 33 және 34 жастағы екі ер адам адамдардың сеніміне кіріп алдау арқылы 13 автокөлікті иемденіп, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Алғашқы құрбан – Қытай азаматы
Алаяқтардың алғашқы құрбаны – Қытай азаматы болған. Олар бұл азаматқа автокөліктерін Грузияға жеткізіп береміз деп уәде беріп, алты көлігін алып кеткен. Олардың қатарында Jetour (үш автокөлік), Mercedes C260, Mercedes C260L және Mercedes GLC 260L көліктері болған. Кейін бұл көліктерді Шымкент пен Жамбыл облысына жеткізіп, таныстарына сатып жіберген.
Келесі құрбан кәсіпкер
Алаяқтардың келесі құрбаны – көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер. Беларусь Республикасына көлік жеткізу үшін автокөлік тасымалдайтын көлігі бар жүргізуші іздеген кәсіпкер алаяқтарға жолығып қалған. Бұл жолы алаяқтар жеті көлікті иемденген. Олар Range Rover, Mini Cooper SE, Li 7 (үш автокөлік) және екі Li 9 (2 автокөлік).
Қытайлық бес көлік Жамбыл облысына жеткізіліп, алаяқтардың ортақ танысына сатылса, қалған Range Rover мен Mini Cooper SE Алматыда арзан бағамен өткізілген.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған. Күдіктілер қамауға алынған.
Бүгінде кәдуілгі алаяқтықтан бөлек бөлек, интернет-алаяқтық өршіп тұр. Күні кеше Krisha.kz пен Kolesa.kz сайттарында алаяқтық жасаған 5 мың аккаунт өшірілгені хабарланды. Тіпті алаяқтар қазір шетелде отырып жасанды интеллект көмегімен азаматтарға хабарласып, қазақша сөйлейтін болған.