«Армандаудан тартынбаңыздар». Оқу-ағарту министрі балаларға үндеу жолдады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
"Армандаудан тартынбаңыздар". Оқу-ағарту министрі балаларға үндеу жолдады
«Армандаудан тартынбаңыздар». Оқу-ағарту министрі балаларға үндеу жолдады/Фото: Ғани Бейсембаевтың Facebook парақшасынан

Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстан балалары» онкүндігін өткізіп жатыр. Бұл іс-шара аясында әр күн баланың құқығын, қауіпсіздігін, білім мен тәрбие алуын, денсаулығын және дамуын арқау еткен тақырыптық бағыттарға арналған.

Бүгінгі күн «Балалар үні» ретінде жарияланып, әр баланың үніне, арман-мақсатына құлақ түруге маңыз берілген.

Осыған орай, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі барлық балаға үндеу жолдады.

Министр мемлекет балалардың болашағы жарқын болуы үшін бар күш-жігерін салатынын атап өткен.

«Бүгінде мемлекет әрбір қазақстандық балаға жайлы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім мен тәрбие беру үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Жаңа мектептер, балабақшалар мен шығармашылық орталықтар күн санап көбейіп келеді. Мұның бәрі сіздердің жан-жақты дамып, қабілет-қарымды шыңдап, арманға бір табан жақындауға жол ашады», – деді министі.

Ғани Бейсембаев балалардың білім алуы, саулығы, жайлы демалысы мен қамқорлықта болуы мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтіп, ең маңыздысы баланың үнін естіп, оның арман-мақсатына құлақ түру екеніне назар аударды.

«Біз сіздердің арман-мақсаттарыңызды естіп қана қоймай, оны жүзеге асыру үшін әрдайым жандарыңнан табылып, қолдау білдіреміз. Армандаудан, батыл қадам жасаудан тартынбаңыздар. Өйткені ертеңгі ұстаздар, дәрігерлер, сәулетшілер, инженерлер, жазушылар, тіпті барлық көшбасшылар осындай арманшыл балалардан өсіп шығады», – деді ол.

Министр сөзінің соңында әр баламен мақтанатын жеткізді.

Бұған дейін, Ғани Бейсембаев 3,9 млн оқушыны оқу жылының аяқталуымен құттықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз