Алматыда Джей Лоның концерті ақыры өтетін болды. Билет сатылымы қашан ашылады

Әлемдік әртіс Дженнифер Лопестің концерті 2025 жылғы 10 тамызда Алматының Орталық стадионында өтетін болды. Бұл туралы концертті ұйымдастырушы First Media Group және CA Entertainment компаниялары хабарлады.
Жарияланған ақпаратқа қарағанда ұйымдастырушылар «Қайрат» футбол клубының басшылығымен және Алматы қаласының Спорт нысандары дирекциясымен келісімге келген.
«Көрермендердің жоғары қызығушылығы мен іс-шараның халықаралық маңызын ескере отырып, тараптар Қазақстан Премьер-лигасының «Қайрат» – «Жеңіс» матчын 2025 жылғы 21 қыркүйекке ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл Дженнифер Лопестің концертін алдын ала жарияланған мерзімде өткізуге және футбол мен мәдениет аудиториясы үшін қолайлы жағдайларды сақтауға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.
Ал «Қайраттың» 7 және 12 тамызға белгіленген еурокубоктық матчтары өзгеріссіз қалып, бұрын жарияланған кесте бойынша өтетіні айтылды.
Алматыдағы концерт билеттері ертең – 28 мамыр күні сағат 10:00-де ticketon.kz сайтында сатылымға шығады.
21 мамыр күні Джей Ло Астанадағы концертінен кейін Алматыдағы Орталық стадионда 10 тамыз күні концерт беретіні хабарланған. Алайда «Қайрат» футбол клубы Орталық стадионда матч өтетіндіктен, Джей Ло концертін өткізуге рұқсат бермегенін мәлім етті.