Көлікті жаздың аптап ыстығына қалай дайындау керек

Жазғы сапарлар алдында көліктің жағдайы жақсы екеніне көз жеткізу маңызды. Осы ретте аптап ыстыққа көлікті дайындауға байланысты бірқатар кеңес ұсынамыз.
Шиналарды тексеріңіз
Шиналардың жай-күйі жол қауіпсіздігі үшін маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың қысымы мен протектор тереңдігіне мән беріп тұру керек. Жазғы ыстықта шина қысымы жоғарылап кетуі мүмкін, сондықтан өндіруші ұсынған деңгейде ұстаған жөн. Ал протектордың тиісті тереңдігі жаңбырлы ауа-райында тайып кетпеуге көмектеседі.
Сұйықтықтарды тексеру
Салқындатқыш сұйықтық (антифриз): Антифриз жазғы ыстықта қозғалтқышты қызып кетуден сақтайды. Деңгейін тексеріп, қажет болса, толтырып жүріңіз. Егер түсі бұзылып, өзгеріп кетсе, ауыстыру жағын ойлаңыз.
Тежегіш сұйықтығы: Деңгейінің дұрыс екеніне көз жеткізіңіз.
Рульді басқару сұйықтығы: Бұл сұйықтықтың да деңгейінің жеткілікті болуы маңызды.
Терезе жуғыш сұйықтық: Ұзақ сапарларда таза көріністі қамтамасыз ету үшін бакты толтырып алыңыз.
Кондиционер
Кондиционерді қосып, салқын ауа шығып тұрғанына көз жеткізіңіз. Егер салқын ауа шықпаса не әлсіз шықса, жүйені тексертіп, қажет болса фреон құйдыру керек.
Әйнек сыпырғыштар мен шамдар
Жазғы жаңбыр мен шаңды жол кезінде жақсы көрініс үшін әйнек сыпырғыштар дұрыс жұмыс істеуі керек. Егер олар сызық қалдырып, артық дыбыс шығарса, ауыстырыңыз.
Тежегіш жүйесі
Ыстықта тежегіш механизмдерінің қызып кетуі жүйенің толық істен шығуына әкелуі мүмкін. Сондықтан ауық-ауық тежегіш қалыбын тексеріп тұрыңыз.
Қауіпсіздік ережелері
Жаздағы көлік қауіпсіздігі тек жол ережелерімен ғана шектелмейді. Ыстық ауа-райы көлік ішінде және сыртында қауіпті жағдайлар тудыруы мүмкін.
Көлік ішінде қалдыруға болмайтын заттар
Газдалған сусындар мен аэрозольды баллондар: Шыны бөтелкелер мен аэрозольды баллондар (шашқа арналған лак, дезодоранттар, автомобиль тазалағыштары) жоғары температурадан жарылып, өртке себеп болуы ықтимал.
Оттықтар: Оттықтың ішіндегі газ жоғары температурада кеңейіп, оның жарылуына және өрт шығуына себеп болуы мүмкін.
Дәрі-дәрмектер: Көптеген дәрі-дәрмектер жоғары температурада қасиетін жоғалтып, тіпті зиянды болып кетеді. Оларды салқын және құрғақ жерде сақтау керек.
Электроника: Ұялы телефондардың, ноутбуктер, планшеттер және басқа да электрондық құрылғылардың батареялары жоғары температурада жарылып кетуі мүмкін. Оларды күн сәулесінен аулақ ұстаңыз немесе өзіңізбен бірге алып жүріңіз.
Бұған дейін, саяхат пен ұзақ сапарға арналған сенімді көлікті қалай таңдау керек екенін жазғанбыз.