Сарандағы тұрмыстық техника зауыты жабылып қалмады ма

Үкімет сағатынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдеріне Қарағанды облысындағы Саран қаласында орналасқан тұрмыстық техника зауытының жұмысы туралы сұрақ қойылды.
«Бүгінгі таңда аталған зауыт жұмыс істеп тұр ма, істеп тұрса, алдағы уақытта журналистерге көрсете аласыздар ма» деп сұрады журналистер.
Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев өнеркәсіп кешені істеп жатқанын, оны көрсетуге мүмкіндік барын атап өтті.
«Былтыр елімізде 260 мың тұрмыстық техника өндірілген болатын, соның 180 мыңы Саран қаласында өндірілген», – деді ол.
Азамат Панбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған өндіріс орнынан шыққан техникалар белгілі сауда желілерінің сөрелерінде тұр.
Саран қаласындағы тұрмыстық техника шығаратын зауыт – Silk Road Electronics ЖШС-ға тиесілі. Кәсіпорын құрылысы 2022 жылы басталып, толық өндірісі 2024 жылы қосылған. Техника Artel брендімен шығады. Жоба құны шамамен 25 миллиард теңге. Соның 5 млрд теңгесі Ұлттық қордан алынған.