Утильалым төмендей ме: жаңа министрдің көзқарасы қандай

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General news бөлімінің тілшісі
Утильалым төмендей ме: жаңа министрдің көзқарасы қандай
Утильалым төмендей ме: жаңа министрдің көзқарасы қандай/Фото: KursivMedia архиві

Үкімет сағатынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалғанына көп бола қоймаған Ерсайын Нағаспаевтан утильалым мәселесіне байланысты көзқарасын сұрады.

Ерсайын Нағаспаевтан «өзінің келуімен аталған мәселеге байланысты қандай да бір өзгеріс енгізілуі мүмкін бе» деп сұралды.

Министр утильалым төңірегіндегі үкімет позициясы белгілі екенін, өзі де үкімет мүшесі болғандықтан, сол позицияны ұстанатынын мәлім етті.

«Біз бұл сұраққа оралуды жоспарлап отырған жоқпыз. Утильалым мәселесі жақсылап сарапталған. Мұндай шешім қабылдануының нақты критерий бар. Бұл жерде қалаймыз, қаламаймыз деген нәрсе тұрған жоқ, мұнда нақты анализ тұр«, – деді министр.

Журналистер мұнан соң отандық автопромдағы ең арзан көлік туралы, оны сатып үшін ең төменгі жалақы – 85 мың теңге алатын қазақстандық қанша жыл жинауы керектігі жайлы сұрады. Өйткені дәл осы утильалым отандық автоөнеркәсіпті қолдау үшін енгізілген болатын.

Бұл сұраққа Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев жауап беріп, бүгінде отандық өндірушілер шығаратын ең арзан автокөлік 6 млн теңге екенін жеткізіп, оны 85 мыңға бөлуге шақырды. Алайда министр 6 млн теңгеге қандай көлік алуға болатынын атамады. Нарықтағы ұсыныстарға қарағанда ол Lada көліктерін меңзеген болуы мүмкін.

Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып ақпан айында тағайындалған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылы утильалымді төмендету бойынша петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз