Жаңалықтар

Қазақстандағы 9 жылу электр орталығы «қызыл аймақтан» шықты

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы тозығы жеткен жылу электр станцияларының жағдайы жақсарып келеді. Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл 9 станция «қызыл» аймақтан «сарыға», 3-еуі «сарыдан» «жасылға» ауысқан.

Вице-министр Сұңғат Есімхановтың айтуыша, 2025 жылы 373 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл былтырмен салыстырғанда 14%-ға көп.

Соның ішінде 25,4 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінді. Электр станцияларында 10 блок, 63 қазандық, 39 турбина жөндеуден өтпек. 323 км жылу желісін жаңарту үшін 89,7 млрд теңге қажет, оның ішінде 75,7 млрд теңге – бюджет есебінен.

2024 жылы қабылданған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң аясында мемлекеттік энергетикалық бақылау күшейтіліп, кәсіпорындарға қойылатын талаптар қатайған.

«472 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде жылу энергетикасы саласындағы кейбір нысандарға 170 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Энергетикалық кәсіпорындардың басшыларын тағайындау енді біліктілік сынағынан өтіп, тиісті білімін растауды талап етеді», – деп нақтылады энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Үкімет. 2029 жылы энергетикалық инфрақұрылым нысандарының тозуын 40%-ға дейін азайтуға ниетті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобаға 46 электрмен жабдықтау және 28 жылумен жабдықтау кәсіпорындары енгізілген.

2023-2024 жылдары Қазақстанның бірнеше қаласындағы жылу электор орталығында апат болған соң, министрлік елдегі ЖЭО-ларға тексеріс жұргізген. Нәтижесінде министрлік 37 жылу электр орталығының 19-ы апатты жағдайда тұр деп мәлімдеді. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған.

Сол кезде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірген.