Ішкі нарыққа мұнай тасымалдау бағасы айтарлықтай өседі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҚТО
Мұнай тасымалдау тарифі қымбаттайды / Фото: ҚазТрансОйл, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда ішкі нарыққа мұнай тасымалдау бағасы 89 пайызға өседі. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ және қытайлық CNPC Exploration and Development Company Ltd компаниясының бірлескен кәсіпорны «МұнайТас» ЖШС хабарлады.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті 2025 жылғы 23 мамырда жаңа тарифті бекітті.

Енді 2025 жылғы 1 шілдеден бастап «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры арқылы ішкі нарыққа 1000 км-ге 1 тонна мұнай тасымалдау құны 11 193 теңге болады. Бұған дейін бұл тариф 5912 теңге болған. Яғни, өсім 89,3%-ды құрап отыр.

Жаңа тариф бес жылға белгіленіп отыр. Ол жыл сайын аздап өсіп отырады.

Айта кетейік, бұл бағыттағы тариф 2012 жылдан бері алғаш рет өзгеріп отыр. «ҚазТрансОйл» бұл шешім мұнай тасымалдау қызметін сенімді әрі тиімді ету үшін қажет екенін атап өтті.

«ҚазТрансОйл» — Қазақстандағы магистральдық мұнай құбырлары бойынша ұлттық оператор. Компания ұзындығы 5,2 мың шақырымнан асатын құбыр жүйесін басқарады және басқа ұйымдардың 5 мың шақырымға жуық құбырларына да қызмет көрсетеді. Бұл оператор «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы тобына кіреді.

«ҚазТрансОйл» ақпанда теміржол цистерналарынан мұнай құю тарифін көтерді. Былтыр компания 41 млрд теңге пайда тауып, соның 33 млрд теңгесін акционерлеріне дивиденд ретінде төлемек.

Сондай-ақ оқыңыз