Отбасы банк жалғыз акционеріне 84,5 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Отбасы банк қанша дивиденд төлейді / Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Отбасы былтырғы табысының бір бөлігін жалғыз акционері — «Бәйтерек» холдингіне дивиденд ретінде төлейді. Бұл туралы банк Қазақстан қор биржасына (KASE) хабарлады.

Дивиденд екі бөлікпен төленеді:

  • алғашқы төлем — 42,3 млрд теңге — 2 маусымға дейін,
  • екіншісі — тағы да 42,3 млрд теңге — 2 шілдеге дейін.

Жалпы дивиденд сомасы 84,5 млрд теңгені құрайді.

Алайда қаржы ұйымы дивиденд таза пайдасының қанша пайызы екенін ашып жазбаған. Қаржы есептілігі депозитариінде де, Қазақстан қор биржасында да банктің 2024 жылғы аудиторлық есебі жарияланбаған. Тек 2024 жылдың тоғыз айындағы есебі бойынша, банк 94,9 млрд теңге пайда тапқаны белгілі. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында банк 36,5 млрд теңге табыс тапты.

2 маусымнан бастап Отбасы банк жаңа шектеулер енгізеді. Енді бұрын алған ипотеканы ерте жапқан адам сол депозитпен қайтадан жаңа ипотека рәсімдей алмайды. Бұл — депозитті пайдалану ережесіне енгізілген өзгеріс.

Сондай-ақ 24 мамырдан бастап азаматтар Отбасы банк арқылы үй кезегіне онлайн тұра алады. Бұрын бұл үшін әкімдікке барып, құжат тапсыру керек болтын.

Отбасы банк — Қазақстандағы ең ірі банктердің бірі. Активтері — 4,3 трлн теңге, бұл көрсеткішпен банк төртінші орында. Ипотека нарығындағы үлесі — 55%. Банктің 100 пайыз акциясы «Бәйтерек» холдингіне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз