Қазақстандықтар қолда бар рубльді сатып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
рубльді
Рубльге сүраныс төмендеген / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтьам Зиперов

Қазақстандықтар қолда бар рубльін жаппай сатып жатыр. 2025 жылғы сәуірде еліміздегі айырбастау пункттері рубльді 30,7 млрд теңгеге сатып алды. Бұл наурызбен салыстырғанда 62%-ға көп. Бұл көрсеткіштер ҚР Ұлттық банкінің ресми есебінен белгілі болды.

Ресей валютасына деген сұраныстың төмендеуі 2024 жылдың желтоқсан айынан бері жалғасып жатыр. Алайда осы аралықта рубль долларға шаққанда 20%-ға нығайған. Бұл – валюта бағамының өсуіне қарамастан, қазақстандықтардың рубльге деген сенімі әлсірегенін көрсетеді.

Доллар мен еуроға деген сұраныс қандай?

Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, халық арасында доллар мен еуроға қызығушылық төмендеп, ал юань бойынша көрсеткіштер құбылмалы күйде қалып отыр.

Сәуірде айырбастау пункттері арқылы халық 66,9 млрд теңгеге АҚШ долларын сатып алған. Бұл — наурыздағы 73,9 млрд теңгемен салыстырғанда 9,5%-ға аз. Жылдық салыстыруда да айтарлықтай төмендеу байқалады: 2024 жылғы сәуірмен салыстырғанда доллар сатып алу көлемі 54%-ға кеміген.

Бұл доллардың танымалдығы екі ай қатарынан төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың пайымынша, бұл үрдіс халықтың валютаға деген көзқарасының өзгеруіне байланысты болуы мүмкін.

Еуроға деген сұраныс та елеулі түрде азайды. Егер наурызда айырбастау пункттері арқылы 11,6 млрд теңгеге еуро сатып алынса, сәуірде бұл көрсеткіш 4,88 млрд теңгеге дейін төмендеген. Яғни, бір ай ішінде сұраныс 57%-ға қысқарған.

Қытай юані бойынша жағдай сәл өзгеше. Наурызда халық юаньді 9,3 млн теңгеге сатып алған болса, сәуірде керісінше – 148,6 млн теңгеге сатқан. Бұл юаньға деген қызығушылықтың бар екенін, бірақ оның әлі де тұрақсыз валюта ретінде бағаланатынын көрсетеді.

2025 жылдың наурыз айында доллар сатып алу көлемі ақпанмен салыстырғанда 57%-ға, яғни 73,8 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз