Тоқаев: Цифрлық активтердің қауіпсіз айналымын қамтамасыз ететін ережелер қабылданады

Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Орталық (ұлттық) банктері кеңесінің алғашқы отырысы Астанада өтті. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.
Мемлекет басшысы іс-шараны ашу барысында жуырда Мажарстанда өткен бейресми саммитте ТМҰ елдері басшылары ынтымақтастықты тереңдетудің өзектілігін нақтылағанын еске салды. Оның айтуынша, тариф саясатының өзгеруінен туындаған жаһандық экономикалық трансформация жағдайында бұл бағыттың маңызы артып отыр.
«Қазіргі күрделі өзгерістер тек қиындықтар емес, жаңа мүмкіндіктер де ұсынады. Әсіресе, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен қаржы салаларында күш-жігерімізді біріктіру маңызды», – деді Тоқаев.
Президент атап өткендей, ТМҰ-ға мүше елдердің жаһандық ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) жиынтық үлесі 2010 жылғы 2,4%-дан 3,1%-ға дейін артқан. Сонымен қатар, ұйымға мүше елдердің халықаралық резервтері тұрақты өсіп келеді. Бұл аймақтың макроэкономикалық орнықтылығының артқанын айғақтайды.
Мемлекет басшысы цифрлық қаржы саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Қазақстанда бүгінде бүкіл транзакцияның 85 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асады. Цифрлық теңгені де алғашқылардың бірі болып енгізілді.
«Жақын арада криптовалюталар, стейблкоиндер мен токенизацияланған активтердің қауіпсіз айналымын қамтамасыз ететін жаңа ережелер қабылданады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес соңында Президент орталық банктер арасындағы кәсіби диалогтың кеңеюі Түркі елдерінің экономикалық әлеуетін толық іске асыру үшін берік негіз қалайды деген сенім білдірді.
Бұған дейін Ұлттық банк Криптовалютаға қатысты заң жобасы жазда дайын болады деп мәлімдеген.