ERG-ға тиесілі шахтада тағы да төтенше жағдай: үш жұмысшыны күйік шалды

25 мамыр күні кешке Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Болашақ» шахтасында өрт шығып, үш жұмысшыны күйік шалған. Бұл шахта ERG компаниялар тобына кіретін «Қазхромға» тиесілі.
Төтенше жағдай шахтаның өндірістік бөлігінде орын алған. «Казхром» компаниясының мәліметінше, кен орнында ауа құрамында жанғыш қоспа тұтанып, от тұтанған.
Оқиға кезінде шахтада жабдық орнатып жатқан үш электрослесарь болған. Олардың бет-жүзі мен қолын кйік шалған.
Зардап шеккендер шахта қызметкерлерінің көмегімен тез арада жер бетіне шығарылып, сағат 23:50-де жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Қазіргі уақытта үшеуі де Хромтау аудандық ауруханасында, дәрігерлер қажетті ем-дом көрсетіп жатыр.
Бұл шахтадағы алғашқы төтенше жағдай емес. 2025 жылдың ақпан айында дәл осы «Болашақ» шахтасында өрт шығып, төрт кенші жарақат алған.
«Қазхром» Eurasian Resources Group құрамына кіреді. «Болашақ» шахтасы 2024 жылдың 27 желтоқсанында ашылды. Жобаның құны 1 триллион теңгеден асады.
Ал Eurasian Resources Group-тың ортақ иелері: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы – 20,7%-дан, Патох Шодиев 18,6% акциясын иеленеді.