Қытай шамадан тыс автокөлік өндіріп, жаңа сауда қақтығыстарын тудыруы мүмкін

Жарияланды
Арзан Қытай көліктері Германия мен Франция секілді елдердің автонарығына қауіп төндіріп отыр / Фото: shuttertsock
Арзан Қытай көліктері Германия мен Франция секілді елдердің автонарығына қауіп төндіріп отыр / Фото: shuttertsock

Қытай стратегиялық маңызы бар салаларда – әсіресе электр көліктері, күн панельдері мен аккумулятор өндірісінде қарқынды өсім байқалып отыр. Бүгінде әлемдегі электр көліктерінің 60%-дан астамы және күн панельдерінің 80%-дан көбі Қытайда өндіріледі. Бұл мемлекеттің белсенді қолдауы мен субсидияларының, сондай-ақ «жасыл» экономикада жаһандық көшбасшы болуға ұмтылысының нәтижесі, деп хабарлады Asia.nikkei.com басылымы. 

Алайда мұндай қарқынды өндірістің ауқымы әлемнің дамыған елдерінің алаңдаушылығын тудыра бастады. Басты мәселе өндірістің артып, керекті көлемнен асып түсуінде. Қытай зауыттары әлемдік нарықтың тұтыну қабілетінен әлдеқайда көп өнім шығарып отыр. Бұл бағаның құлдырауына, демпингке және өзге елдердегі бәсекелестік қабілетінің төмендеуіне алып келді. Оңтүстік Кореядағы Chey Institute for Advanced Studies зерттеу орталығының президенті Юсок Кимнің айтуынша, егер Қытай бұл саясатты шектемесе, жаһандық қарсы жауапқа немесе сауда қақтығысына тап болуы мүмкін.

Әлем қалай жауап беріп жатыр?

«Ақ үй» басшылығы қазірдің өзінде Қытайдан келетін электр көліктеріне қатысты тергеу бастаған. Олар бұл автолардың арзан бағасының артында жасырын мемлекеттік субсидиялар тұр деп күдіктенеді. Бұған қоса, АҚШ сауда министрлігі Қытайдың күн панельдері мен аккумуляторларына қарсы баж салығын енгізді.

Еуропалық одақ та дәл осындай қадамдарды қарастыруда. Еурокомиссия Қытайдан келетін арзан электр көліктері Германия мен Франция секілді елдердің автонарығына қауіп төндіріп отыр деп санайды. Кейбір елдер Қытайдың «жасыл» техникасын импорттауға қарсы кедендік тосқауыл қоюды талап ете бастады. Басты уәж – Қытайдың бұл моделі шынайы бәсекелестікке емес, артық субсидияланған экспансияға негізделген және ол жаһандық нарықтың тепе-теңдігін бұзуда.

Бұл Қытай үшін де қауіпті

Бір қарағанда артық өндіріс тиімді көрінуі мүмкін: жұмыс орындарын сақтайды, өнеркәсіпті қолдайды, Қытайдың әлемдік аренадағы позициясын күшейтеді. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бұның кері әсері көп.

Өндіріс көлемі сұраныстан асып кеткенде, баға төмендейді. Бұл компаниялардың табысын азайтып, олардың борыштық жүктемесін арттырады. Кей сарапшылар бұл жағдайды Қытайдың 2010 жылдардағы болат өндірісіндегі «көпіршікпен» салыстырады: ол кезде де артық өндіріс ішкі нарықты күйретіп, сырт елдердің санкцияларына себеп болған еді.

Сонымен қатар, сыртқы сауда шектеулері Қытайды халықаралық оқшаулануға және технологиялық протекционизмге итермелеуі мүмкін. Бұл әсіресе аккумуляторлар мен жартылай өткізгіштер секілді салаларда өзекті мәселе.

Сарапшылар не ұсынады?

Зерттеу орталығының президенті Юсок Ким Қытайға таңдау жасау қажет екенін айтады. Оның пайымынша, өнім көлеміне емес, сапа мен кооперацияға негізделген жаңа даму моделіне көшу маңызды.

Ол үшін субсидия мен өндіріс көлеміне басымдық беретін қазіргі саясатты қайта қарау керек. Оның орнына өндірісті жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық тұрақтылыққа мән берілуі тиіс. Сонымен қатар Қытай Еуроодақ, G7, Оңтүстік Корея, Жапония секілді негізгі серіктестерімен конструктивті әріптестік орнатуы қажет. Өйткені «жасыл» технологиялар саласында «бәрінен озып шығу» емес, «бірге даму» маңыздырақ.

Неге маңызды?

Әлем қазір ауқымды «жасыл» транзит табалдырығында тұр. Бұл процестің табысты жүруі әділетті бәсекеге, тұрақты жеткізу тізбектеріне және технологиялық серіктестікке тәуелді. Егер ең ірі ойыншы – Қытай нарықтық тепе-теңдікті сақтамаса, бұл тек сенім дағдарысына емес, бүкіл «жасыл» күн тәртібінің бұзылуына алып келуі мүмкін.

Батыс елдері экологиялық технологиялар бәсекелестікке айналмауы керек деп ашық айтып отыр. Егер Қытайдан келетін арзан өнім ұлттық өндіріс салаларына қауіп төндірсе, мемлекеттер өз нарығын қорғау үшін тарифтер мен шектеулерге қайта жүгінеді. Бұл климат дағдарысы жағдайында жаңа сауда соғыстарының басталуы деген сөз.

Статистикалық деректер

Электр көліктері саласы бойынша, 2023 жылы әлемдегі электр көліктерінің 60%-дан астамы Қытайда өндірілді (Халықаралық энергетика агенттігінің деректері). BYD компаниясы 2023 жылдың төртінші тоқсанында Tesla-дан озып шықты.

Күн панельдері турасында, жаһандық күн панельдерінің 80%-дан көбі Қытайда өндіріледі. Ірі үш компания – LONGi, JinkoSolar, Trina Solar – барлығы Қытайда орналасқан.

Ал аккумуляторларға тоқталсақ, литий-ион аккумуляторларының әлемдік өндірісінің 75%-ы Қытай үлесінде. Оған қоса, аккумуляторларға қажет шикізаттың 80%-дан астамы (литий, кобальт, графит) Қытайда өңделеді. Ал мемлекеттік қолдау жағынан, Rhodium Group бағалауынша, 2022–2023 жылдары Қытайдың жасыл өнеркәсібіне 130 млрд доллардан астам мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның ішінде, субсидиялар, салықтық жеңілдіктер мен арзан несиелер түрінде.

Осының бәріне жауап ретінде 2024 жылы АҚШ Қытайдан келетін электр көліктеріне 100% кедендік баж салығын енгізді. Еуроодақ демпингке қарсы тергеу жүргізіп, қорғау шараларын енгізуді қарастыруда.

Еске сала кетсек, Қытайдың Geely концерні І тоқсанда рекордтық пайда тапқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз