
Disney студиясының әйгілі «Лило мен Стич» анимациялық фильмі Қазақстанда керемет табыспен басталды. Freedom Ticketon мәліметінше, 22–25 мамыр аралығында прокатқа шыққан фильм небәрі төрт күн ішінде 415 580 100 теңге жинап, соңғы аптада ең көп касса жинаған фильмдердің көшін бастады.
2002 жылғы түпнұсқаның жаңа нұсқасы — көрерменге таныс, бірақ жаңа реңкпен қайта ұсынылған оқиға. Бұл жолы да басты кейіпкерлер — кішкентай Лилo мен өзгеше жаратылыс иесі Стич көрермендердің жүрегін жаулап алды. Режиссер Дин Флейшер Кэмп түсірген ремейк бір мезетте ностальгия мен заманауи техниканың үйлесімін көрсетті.
Фильм әлем бойынша да жоғары табысқа жетіп отыр: төрт күн ішінде 341,7 млн доллар, оның ішінде 158,7 млн доллары халықаралық прокаттан түскен. Бұған дейін бұдан көбірек көрсеткіш көрсеткен Minecraft киносы еді. Ал Disney ремейктерінің ішінде «Ханшайым мен Құбыжық» және «Арыстан патшадан» кейінгі үшінші орынға шығарды.
Сонымен қатар, кинотеатрларда «Лило мен Стич» фильмінің қазақ тіліне дубляждалған нұсқасы да көрсетіліп жатыр.