Ливерпуль футбол клубының жеңіс шеруі кезінде 27 адам жарақат алды

Англияның Ливерпуль қаласында футбол жанкүйерлері сүйікті командасының жеңісін тойлап жатқан сәтте көлік адамдармен соқтығысты. Премьер-лигада чемпион атанған «Ливерпуль» клубының құрметіне ұйымдастырылған шеруден кейін, Ford маркалы автокөлік адамдар тобының арасына кіріп кеткен.
Жедел жәрдем қызметінің өкілі Дэвид Китченнің мәлімдеуінше, ауруханаға 27 адам жеткізілді, төртеуі – балалар. Екі адам ауыр жарақат алған, соның бірі – бала.
Оқиға Ливерпульдің орталығында, шеруге арналған басты көшелердің бірінде болды. Чемпион атанған футболшылар ашық автобуспен халыққа жол тартқан. Парад аяқталған соң, адамдар тарала бастаған кезде көлік кенеттен халықтың арасына кіріп кеткен.
Мерсисайд графтығының өрт және құтқару қызметінің басшысы Ник Серлдің айтуынша, көліктің астында төрт адам – үш ересек және бір бала қалып қойған.
Полицияның мәліметінше, 53 жастағы Ливерпуль тұрғыны ұсталды.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер құтқару қызметтерінің жылдам әрекетіне алғыс айтып, жараланғандарға көңіл айтты. Қазіргі таңда полиция оқиғаның нақты мән-жайын тергеп жатыр.
Айта кетейік, Ливерипуль футбол клубаы 2024/2025 жылғы маусымда Англияның чемпионы атанды.