20 мыңнан астам киіктің неден жаппай қырылғаны анықталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Киік
Киік саны күзде 4 млн бастан асса, оларға қорек жетпейді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Көктемде киіктер жаппай қырылды. Ғалымдар жануар өлекселерін зерттей келе, олардың аштықтан қырылғанын анықтаған. Бұл туралы Мәжілістегі  Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алескей Грачев айтты.

Киік саны тым көп

«елде киік санын реттеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Күзде олардың саны 4 млн басқа жетеді деп болжанып отыр. Алайда елде киік популяциясы қалпына келтірілгенімен, қазіргі күні олардың санының көптігі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемалар туындатып отыр. Киіктер егістіктерді таптап, үй жануарлары жайылатын жер қалдырмады», – деді ғалым.

Киіктер аштықтан қырылған

Сонымен бірге киіктердің эпизоотологиялық жағдай да күрт нашарлаған. Ғалым көктемде Қарағандлы мен Ұлытау өңіренен 20 мың киік өлексесі жиналғанын айтты.

«Патологоанатомиялық тексеріс барысында зоология институтының мамандары ақбөкендердің аштықтан қырылғанын анықтады. Олар ұзақ уақыт бойы қоректенбеген. Олардың қарнынан тас пен топырақ қана шыққан. Демек, қорек жеткіліксіз. Бұл киік санының көптігіне байланысты болып отыр. Егер олардың саны 4 млн басқа жетсе оның біраз қыстан шыға алмайтыны анық», – дейді ғалым.

Далада ауру тарауы мүмкін

Грачев дұрыс қоректенбеген жануарлардың түрлі инфекциялық аурулардан қорғана алмайтынын, салдарынан далада қауіпті аурулардың тарауына жол ашуы мүмкін деп санайды.

Бұл өз кезегінде үй жануарларына да айтарлық қауіп төндіреді. Өйткені дәл қазіргі уақытта киіктер мен үй жануарлары бір жайылымда жайылады.

«Қазірден бұл мәселені ертерек шешпесек, эпизоотологиялық жағдай нашарлай түсіп, түрлі жұқпалы аурудан киіктердің өзі де, үй жануарлары да қырылуы мүмкін. Сонымен бірге түрлі инфекциялық аурурлар адам денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін». Ауру жайласа киік санын сақтау бойынша жасалған жұмыстың бәрі далаға кетуі мүмкін, – дейді териолог.

Еске сала кетсек, көктемде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киіктердің өліміне ешқандай ауру әсер етпегенін, олардың табиғи процесске ай саны азайып жатқанын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз