Бұршақ, үсік, жаңбыр: «Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
19-20 қазан ауа райы
«Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алдағы бірнеше күнде елдің бірқатар аумақтарында бұршақ аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Тіпті кей өңірлерде үсік жүруі мүмкін. Осыған орай «Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады.

Найзағай

«Қазгидромет» мәліметінше 28 мамырда Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі. Сонымпен бірге солтүстік-шығыстан жел соғып, облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Ал 28-31 мамыр аралығында облыс орталығында, батысында, солтүстігінде өрт қаупі артады.

Астанада да 28 мамыр күні күндіз найзағай ойнап, жел тұрады. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік шығысқа ауысады. Екпіні 15-18 м/с дейін жетуі мүмкін.

Дәл осындай ауа-райы Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында күтіледі. Сонымен бірге түнгі уақыттарда және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысына тұман түседі. Мұнда да жел екпіні күшейіп, 15-20 м/с дейін жетеді деп болжанады.

Үсік

Абай облысының батысында, солтүстігінде найзағай ойнап, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 23 м/с дейін күшеюі мүмкін.

«Түнде облыстың шығысында, оңтүстігінде 2 градус үсік күтіледі. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қауіпі сақталады», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

28 мамыр күні Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде де найзағай ойнап, солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады деп болжанады. Жел екпіні 15-20 м/с дейін күшеюі мүмкін.

Бұл күні Солтүстік Қазақстан облысында батысында түнгі уақытта және таңға жуық тұман күтіледі. Бұл өңірде де жел күшейеді. Ал Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында найзағай күтіліп, жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.

«Түнде облыстың солтүстігінде, шығысында 3 градус үсік күтіледі. Өскемен қ.: 28 мамырда түнде топырақ бетінде үсік 2 градус күтіледі», – деп ескертеді синоптиктер.

Бұршақ

Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай ойнап, шаңды дауыл жүреді.

Ал Түркістан облысының таулы аудандары жаңбыр құйып, арты бұршаққа айналады. Сондай-ақ облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі.

Өңірде шаңды дауыл соғып, жел екпіні таулы аудандарда 15-20 м/с дейін артады.

Бұл күндері Шымкентте де ауа-райы тұрақсыз болады. Қалада да найзағай соғып, жел күшейіп, шаңды дауыл көтеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз