Қытай мен Сингапурда COVID-19 күш алды: Қазақстандағы жағдай қандай

Қытай мен Сингапурда, Таиландта және басқа да бірқатар елдерде COVID-19 инфекциясы күш алып, вирус жұқтырғандар саны артты. Осыған орай елдегі эпидемиологиялық жағдайды білмек үшін KursivMedia редакциясы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сауал жолдаған болатын. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Жанерке Тлеуғалиева елдегі жағдай тұрақты екенін жеткізді.
«Елімізде COVID-19 инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауру 3,4 есеге төмендеген. Өлім жағдайы тіркелген жоқ», – дейді сарапшы.
Карантиндік шаралар қабылдана ма?
Тлеуғалиева елдегі жағдайдың тұрақтылығына байланысты пандемия кезіндегідей ауырған адамдар мен оның туыстарына қатысты карантиндік шаралар қабылданбайтынын жеткізді. Айтуынша, елдегі жағдайға байланысты барлық шектеу шаралары алынып тасталған. COVID-19-бен ауыратын науқастар аурудың клиникасына қарай стационарда немесе амбулаторлық жағдайда ем қабылдай алады.
Ковид ошағынан келетін азаматтарға қатысты қандай шаралар қабылданады?
Шетелде ковидпен ауру жағдайларының жиілеп кетуіне байналысты әуежайларда шетелден келетін туристер немесе қазақстандықтар ковид инфекциясына тексеріліп, ПЦР талдаудан өтпейді. Десе де, елдегі мемлекеттік шекарадан өтетін барлық азаматтар санитарлық сүзгіден өтеді. Олардан ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.
Жанерке Тлеуғалиева елдегі жағдай тұрақты болғанымен, коронавирус бойынша эпеижемиологиялық бақылау тоқтамағанын айтады.
«Министрлікпен елдегі және әлемдегі КВИ бойынша эпидемиологиялық бақылау жалғасуда. COVID-19 коронавирустық инфекциясы кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар нормативтік-құқықтық актілерге және Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады», – дейді комитет өкілі.
COVID-19-дан сақтану шаралары
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің маманы ауа-тамшылы жолмен берілетін инфекциялардың эпидемиялық маусымында ковид инфекциясының алдын алу және таралуын болдырмас үшін келесі сақтық шараларын ұстанды:
- салқыннан сақтану;
- таза ауада жиі жүру;
- жеке гигиена ережелерін ұстану;
- үй-жайларды жиірек желдету, дезинфекциялық және жууға арналған құралдармен ылғалды тазалау жүргізу;
- витаминдер мен микроэлементтерге бай өнімдермен тамақтану;
- денені шынықтырып спортпен айналысу, иммунитетті көтеру;
- ауру симптомдары байқалса учаскелік дәрігерді шақырту, өз бетімен емделмеу ұсынылады.
Еске сала кетсек, елде жыл басынан бері COVID-19 инфекциясын жұқтыру бойынша 329 жағдай тіркелген. Ауырғандардың басым көпшілігі Омикрон штамын жұқтырған.