224,7 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді – Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы бес жыл ішінде 224,7 млрд теңге қаражаттың негізсіз жұмсалуына жол берілмегенін хабарлады.
Агенттік 2019 жылдан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізе бастаған.
«Жобаны іске асыру басталғаннан бері (2019 ж.) 224,7 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді», – деп хабарлайды агенттік.
Ал осы жылдың 5 айында 29 млрд теңгені орынсыз жұмсауға жол берілмеген. Оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған. Ал қалған 22,6 млрд теңге көлеміндегі соманы тапсырыс берушілер қайта қарап, жоспарлы бағаны төмендеткен.
«2024 жылы 55 млрд теңгеге артық өсім анықталды, оның ішінде 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, 29 млрд теңгеге сатып алу қайта қаралды», – делінген агенттік хабарламасында.