Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды бауырларының қандай бизнесі бар

Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының бауырлары – құрылыс компаниялары бар бизнесмен. Әрі олардың Кіші Талдыкөл құрылысына да қатысы бар боп шықты. Бұл жайлы Shishkin.like телеграм-арнасы хабарлайды.
Telegram-арна дерегінше, Дархан Сатыбалдының бес бауыры мен бір әпкесі бар. Әзірге, олардың төртеуінің есімі белгілі. Олар – 62 жастағы Төрегелді Сатыбалдиев, 55 жастағы Мұхтар Сатыбалдиев, 53 жастағы Сұңқар Сатыбалдиев және 48 жастағы Ғабит Сатыбалдиев.
Жаңа әкімнің бауырлары немен айналысады?
Мұхтар Сатыбалдиев – жеті ЖШС мен бір ЖК-нің иесі. Оның бесеуі тұрғын үй құрылысымен айналысады, мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды. Қалған екі кәсіпорны тұрғын үйлерге қызмет көрсету және жылжымайтын мүлікпен делдалдық істерді атқарады.
Сұңқар Сатыбалдиевтің төрт компаниясы бар. Оның ішінде «Sat-NS» атты компаниясы 5 млрд теңгеге жуық сомаға 11 мемлекеттік келісімшарт жасаған. Мысалы, Астана қаласының құрылыс басқармасы бұл компаниядан әлеуметтік әлсіз топтарға арналған пәтерлер сатып алған.
Ғабит Сатыбалдиев – тоғыз компанияның иесі. Бесеуі құрылыс компаниясы, біреуі бетон, цемент және гипс бұйымдарын сатумен айналысады. Құрылыс компаниялары жалпы алғанда бюджетке 8 млрд теңге салық төлеген.
Бұған дейін «Власть» басылымы Сатыбалдиевтер отбасының Астанадағы Кіші Талдықөлдің айналасындағы құрылыстарға қатысы барын жазған. Отбасыға тиесілі үш компания бұл аумақтан 21 жер телімін алған. Экобелсенділердің наразылығынан кейін билік бұл аумақты абаттандырамыз деп уәде берген.
2023 жылы журналистер сол кездегі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан ағалары мен оның Талдықөлге қатыс барын сұраған. Шенеунік бауырларының жұмысына ықпал етпейтінін, тендерге қатыспайтынын, ал Талдықөл жобасынан хабары жоғын айтты.
Жаңа әкім келген соң Алматыда тиімсіз құрылыс көбеймей ме?
Бүгін Үкіметі сағатынан өткен брифингтен кейін Дархан Сатыбалды Алматы әкімі болғаннан кейін қалада тиімсіз құрылыс нысандары көбеймей ме деген сұрақ қойылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің сөзінше, оңтүстік мегаполистегі құрылыс ерекше бақылауда тұр.
«Нүктелік құрылыс мәселесі ерекше бақылауда. Қазір біз жаңа механизм енгіздік. Енді тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары мен бас жоспарға өзгерістер енгізу процесінің соңғы кезеңінде министрлік те қосылады. Бұл процесті қатаң бақылайтын боламыз», – деді министр.
Яғни бұрын жергілікті атқарушы органдар бас жоспарға өз бетімен өзгеріс енгізе алатын. Енді бұл мәселеге министрлік деңгейінде бақылау күшейеді.
Ал журналистің «ағайынды Сатыбалдылардың бизнесі қалада етек жаймайтынына кепілдік бере аласыз ба» деген сұрағына «құзыретіне қарай бақылаймыз» деп қысқа қайырды.
Айта кетейік, Дархан Сатыбалды – осыған дейін Шымкент қаласы, Түркістан облысының әкімі, кейінірек Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болған. 24 мамырда Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Екі күннен кейін оны Тоқаев қабылдап, жол-көлік желісінің жағдайын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу сияқты бірқатар нақты тапсырма берді.