Назарбаев мектебінің оқушысы мұғалімді балағаттады, министрлік кімді жақтайды

Назарбаев мектебінде емтихан кезінде мұғалімін балағаттаған оқушының жағдайына қатысты Оқу-ағарту министрлік мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдері толығымен мұғалімнің жағына шығып, жағдайды білу үшін НЗМ басшылығымен кездескен. Бұл жайлы министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы фейсбуктегі парақшасында жазды.
Дау неден басталды?
Даулы жағдай Алматыдағы Назарбаев мектебінде болған. 21 мамырда 11 сынып оқушысы емтиханға телефон алып кіреді. Оны көріп қалған мұғалімі гаджетін алып қойып, емтихан жауабы есептелмейтінін айтады. Ашуланған оқушы мұғалімді балағаттайды. Жағдай педагогикалық кеңесте қаралып, жасөспірімді мектептен шығарып жіберген. Бұл жайт бірден әлеуметтік желіге тарап кетті. Көпшілігі баланың құқығы бұзылды деп есептейді.
Кейін белгілі болғандай, мектептен қуылған бала НЗМ-де оқығанына бес жыл болған екен. SAT және IELTS деген халықаралық емтихандарда жоғары балл жинап жүрген. Оқу бітірерден екі күн бұрын оны мектептен шығарып қалған. Желіде оны растайтын құжат та жарияланды. Осыдан кейін оқушы қатесін түсінгенін, мойындайтынын айтып, Тоқаевқа дейін үндеу жасаған.

Министрлік не дейді?
Министрлік бұл жағдайда ең бірінші мұғалімнің жағына шықты. Бірақ елімізде мұғалім мәртебесі заңмен бекітілгенін және қоғамда ерекше рөлге ие екенін тағы да еске салды.
«Қазақстанда педагогтың мәртебесі заңмен бекітілген және оның қоғамдағы ерекше рөлін көрсетеді. Ата-аналар мен оқушылар мұғалімге құрмет көрсетуі тиіс және білім беру жүйесіне деген сенім осы жүйеде қызмет ететін адамдарға сенуден басталатынын ұмытпауы қажет. Мұғалімнің кәсіби абыройын жоққа шығару – мүлде жол берілмейтін іс. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі педагогтың мәртебесін төмендететін кез келген әрекетті қатаң айыптайды», – деп жазылған мәлімдемеде.
Министрлік оқушының қатесін түсінгенін атап өтіп, НЗМ басшылығын «адамгершілік және педагогикалық кәсібилік қағидаттарын негізге ала отырып шешім қабылдауға» шақырды.
«Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайға араласты. Оның тапсырмасы бойынша мектепке Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық департаменттің өкілдері барады. Министр «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен де келіссөз жүргізді», – деп жазылған хабарламада.
Мектеп басшылығы не дейді?
Бұл іске байланысты «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» ААҚ басшысы Әнуар Жанғозин пікір білдірген. Оның сөзінше, оқушы бұған дейін де тәртіп бұзушылығы болған. Қазір оны басқа мектепке ауыстыру мәселесі келісілген. Жанғозин мектеп басшылығының шешімімен толықтай келісіп отыр.
«Педагогқа деген құрмет – сапалы және нәтижелі білім беру үдерісінің ажырамас негізі. Сондықтан мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу сынды өрескел оқиғаға бейжай қарауымыз мүмкін емес. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны мектептен шығару туралы шешімі, менің ойымша, толықтай орынды және негізді. Біз бұл жағдайды мұқият зерттеп, тиісті қорытындылар шығарамыз. Сонымен қатар, бұл оқиға үшін тек мектепті кінәлау дұрыс емес – мұнда отбасылық тәрбие мен қоғамның да жауапкершілігі бар екенін ұмытпауымыз керек», – деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.