Назарбаев мектебінен қуылған оқушының ары қарай тағдыры қалай болады

Назарбаев мектебінен қуылған оқушыға қатысты жағдай әрі қарай өрбіп жатыр. Бүгін Алматы қаласындағы балалар омбудсмені Диана Ерлан оқушының әкесімен кездескенін айтты.
Болған жағдайдан кейін жасөспірім ауруханаға түскен. Бұл жайлы қоғам белсендісі Аида Бұқаева да өзінің парақшасында жазған еді. Оның хабарлауынша, 26 мамырда кешке оқушының температурасы күрт төмендеп, денесі қалтырап-дірілдеп, қалшылдай бастаған. Аида жасөспірімнің 21 мамырдан бастап дұрыс тамақтанбағанын және НЗМ түлектері өтуі керек халықаралық емтиханын тапсыруға рұқсат береді деп үміттеніп жүрген. Бірақ мектеп басшылығы толығымен оқудан шығарғанын біліп, қатты күйзеледі.
Алматыдағы Балалар омбудсмені Диана Ерланның жазуынша, аурухана жатқан балаға Назарбаев мектебінің басшылығы да барып, жағдайын біліп қайтқан. Оның және отбасына психологиялық көмек көрсетілді.
Қазір НЗМ балаға мемлекеттік мектепке немесе жекеменшік мектепке ауысуды ұсынып отыр. Егер жеке мектепке ауысса, шығынды толығымен Назарбаев мектебі өтейді. Әзірге, жасөспірімнің ата-анасы заңгерлермен кеңесіп жатыр.
Еске салайық, Назарбаев мектебінің оқушысын емтиханға телефон алып кіріп, артынан оны алып қойған мұғалімді балағаттаған үшін оқудан шығарып жіберген еді. Бұл іске қатысты министрлік мәлімдеме жасап, педагогке құрмет көрсетілуі керек деп мәлімдеді.