«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы топ-менеджері 4,5 жылға сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазатомөнеркәсіп сот
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанадағы Қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының коммерция бойынша бұрынғы бас директорын 4,5 жылға соттады. Оған қызметін асыра пайдаланды деген айып тағып отыр.

Тергеу кезінде белгілі болғандай, 2021 жылы топ-менеджер өзіне пайда табу үшін қысқа мерзімді үш келісімге қол қойған. Бірақ ондағы баға шынайы құнынан әлдеқайда төмен көрсетілген, нәтижесінде мемлекетке 16,5 млрд теңге көлемінде үлкен шығын келді.

2021-2022 жылдар аралығында экс-жетекші дәл осындай төмендетілген бағамен бас-аяғы 10 келісімге қол қойған. Нәтижесінде мемлекетке тағы да 3,6 млрд теңге көлемінде зиян тиді.

Ал осы 13 келісім үшін айыпталушы 9 млн теңге көлемінде бонус алған. Қазір ол бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі тәркіленді. Сот оны «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырып, өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызметке орналаса алмайды деп шешті.

«Қазатомөнеркәсіп» – ұлттық атом компаниясы. Ол уран өндірісімен, өңдеуімен және сатумен айналысады.

Осыған дейін компания 2024 жыл үшін акционерлеріне 327,9 мрд теңге дивиденд төлемекші екенін жазған едік. Жалпы былтыр кәсіпорынның таза табысы 1,13 трлн теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз