Алматы қаласындағы бағамен әлемнің тағы қай ірі мегаполисінде тұруға болады

Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматы қаласындағы бағамен әлемнің тағы бірнеше ірі шаһарында өмір сүруге болады. Біздің таңдауымыз Рио-де-Жанейро қаласына түсті.
«Ұлы комбинатор» Остап Бендер армандаған қаланың өмір сүру индексі Алматыдағы бағалармен шамалас келеді.
Numbeo онлайн-платформасы Алматы қаласының өмір сүру индексін 30,15 деп бағалады, яғни Нью-Йорктен шамамен үш есе арзан.
Платформа Алматыда төрт адамнан тұратын шағын отбасының бір айлық шығынын шамамен 1 млн теңге деп бағалады. Мегаполисте бір адамның айлық шығыны 286 мың теңге болады. Бұған баспананы жалға алу құны кірмейді.
Салыстырар болсақ, Алматы Нью-Йорктен 69,8%-ға арзан. Қазақстанның оңтүстігіндегі қалада пәтерді жалға алу құны Нью-Йорктегі бағадан 85,4%-ға төмен.
Алматы қаласы бойынша бағалар:
- Тамақ, шағын мейрамхана – 4 000 теңге;
- Капучино – 1 200 теңге;
- Су (0,33 литр) – 286 теңге;
- Такси – 600 теңгеден басталады;
- Бензин (1 литр) – 255 теңге;
- Пәтерді жалға алу (қала орталығындағы 1 бөлмелі пәтер) – 328 мың теңге;
- Орташа айлық – 332 мың теңге.
Бір қызығы, дәл осыған ұқсас бағаны Бразилиядағы ең ірі қалалардың бірі – Риодан көруге болады. Бендер армандаған қалада да шағын отбасының өмір сүру құны шамамен 1 млн теңге. Такси де, тамақ та шамалас. Алайда Алматыда пәтерді жалға алу бағасы Риоға қарағанда 100 мың теңгеге қымбат.
Естеріңізге сала кетейік, Oxford Economics Алматы қаласын Орталық Азиядағы ең үздік қала деп таныған.