Миллионерлер пәтер сыйлаудан жарысып жатыр ма

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстанда пәтер сыйлайтын миллионерлер көбейді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор
Қазақстанда пәтер сыйлайтын миллионерлер көбейді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор

Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлауы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін елдегі басқа да миллионерлер ондаған пәтер таратқаны мәлім болды.

Бір күн бұрын GALANZ bottlers қожайыны Тұрсынғали Алагөзов кәсіпорынның дамуына үлес қосқан қызметкерлерге пәтер кілтін табыстады. Әлбетте, әйгілі продюсер Баян Мақсатқызының күйеу жасаған қайырымдылық әлеуметтік желілерде жарнамаланды. Жүздеген адам осы тақырыпқа үн қосты.

Мәселен, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов жақында тағы бір миллионердің жүздеген пәтер сыйлағанын Facebook-тегі парағына жазды.

«Мысалы, Тимур Құлыбаев жақында Астанадан 400 пәтерді жағдайы көп адамдарға сыйлады. Оларды әкімдік таратумен айналысып жатыр», – деп жазды ол.

Оның пікірінше, көмекке зәру адамдарға баспана сыйлайтындар бар, бірақ олар әлеуметтік желіге шықпайды.

«Олар қайырымдылықты бір мәрте ғана емес, үнемі жасап отырады. Данияр Әбілғазин (Талдықорған, Қостанай), Қайрат Шәріпбаев (Астана) та тұтас тұрғын үй кешенгін салып, жұртқа сыйлағаны есімде», – дейді Жұмағұлов.

Сарапшы «біздің байларға әлеуметтік желілерге шығып, жасаған ісін жарнамалайтын уақыт жетті» деп түйіндеген.

Тағы бір мықты экономист Меруерт Махмутова әріптесінің айтқандарына толық келіспейді. Оның пікірінше, Құлыбаев пен Алагөзовті салыстыруға келмейді.

«Менің ойымша, шикізат пен шикізатқа жатпайтын сала арасында айырмашылық жер мен көктей. Құбырға қолы жеткен адамның салыстырмалы түрде мүмкіндігі зор», – деп есептейді Махмутова. Оның пікірімен тағы бірнеше адам келіскен.

Тағы бір белсенді Арай Әлімханның пікірінше, Қазақстандағы байлар өзінің қызметін дұрыс жарнамалай алмай жүр.

«Біздің ауқаттыларға ортақ бір мәселе – PR мамандар қызметіне жүгінбеу. Іскер топ арасындағы бедел халық алдындағы абыройға тең емес», – дейді ол.

Қызу пікір-талас барысында Алагөзов «миллион тарату үшін миллиард ұрлаған жоқ» деген пікірлер де айтылып жатыр. Тағы біреу «халық кімнің қалай байығанын айыра алмайтын ақымақ емес» деп жазды. Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы басқа да миллионерлер жасаған, бірақ жұрт біле бермейтін жақсылығы сөз болды. Осының бәрі елдегі ауқаттылар пәтер сыйлаудан жарысып жатқандай әсер қалдырады.

Сондай-ақ оқыңыз