Қазақстандағы казинолар кімдерге тиесілі

Жарияланды
Қазақстанда алты казино ресми түрде тіркелген / коллаж: Kursiv.Media
Қазақстанда алты казино ресми түрде тіркелген / коллаж: Kursiv.Media

Қазақстандағы казинолардың бәрі ноунеймдер мен белгісіз заңды тұлғалар атына жазылған. Ойынханалардың біреуін бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиевпен байланыстырған. Ойын бизнесінде грек инвесторы да бар.

Kursiv.Media елдегі казинолар кімге тиесілі екенін анықтауға тырысты.

Қазақстанда екі ойын аймағы бар: Қонаев қаласы және Бурабай ауданы. Ойын бизнесін реттеу жөніндегі комитетінің Kursiv.Media-ға жауабына сүйсенсек, қазір елде алты ресми казино жұмыс істейді. Олардың бесеуі Қонаевта, біреуі Бурабайда орналасқан.

Montana казиносы

Қонаев қаласындағы Montana казиносына «BESTAM CORPORATION» иелік етеді. EGOV дерегінше, компания басшысы мен құрылтайшысы Назгүл Мұхамед-Садықызы Рыскелдина.

Рыскелдина ойынхана басшылығына 2018 жылы келді. Оған дейін ешқандай компанияны басқармады. Ашық дереккөздерде ол туралы ешқандай мәлімет жоқ.

2020 жылдан бері компания 14,7 млрд салық төледі. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ғана казино қазынаға 1,6 млрд теңге берді.

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры дерегінше, Montana казиносы орналасқан жер «ҚАМҚОР және К» компаниясына тиесілі. «BESTAM CORPORATION» жалға алу туралы келісімге 2018 жылы отырған. 2020–2025 жылдары фирма 282 млн салық төлеген.

«ҚАМҚОР және К» құрылтайшылары: Бақыт Басарқызы БайғабұловаБайқадам Аманұлы Абласанов және Нұрлан Кеңесұлы Жұманов. Бақыт Байғабұлова туралы ашық деректерде мәлім аз. Ол «Жетысу» деп аталатын тағы бір компанияны басқарады. Фирма жылжымайтын мүлікті басқару, жалға берумен шұғылданады. Ал Байқадам Абласанов пен Нұрлан Жұманов ― ірі кәсіпкерлер.

ASTORIA казиносы

Ойынхана мен оған иелік ететін компания атауы бір. Құрылтайшылары ― Aselsin фирмасы мен Рая Жантүгелқызы Дәулетқалиева. Aselsin кімге тиесілі екені туралы мәлімет табылмады. Ашық дереккөздерде Рая Дәулетқалиева туралы мәлімет жоқ.

2020–2025 жылдары төленген салық ― 11,7 млрд теңге.

Казино орналасқан жер де «ASTORIA» компаниясына тиесілі.

Bombay казиносы

Ойынхана иесі «Қапшағай Палас» компаниясы. Оның құрылтайшысы ― жоғары сөз болған Рая Дәулетқалиева мен Landent компаниясы.

Казино 2020–2025 жылдары 13,6 млрд теңге салық төлеген.

Ойынхана орналасқан жер «Аудит Сервис Алматы» компаниясына тиесілі. Оны да Рая Дәулетқалиева мен Estatel компаниясы басқарады. Кейінгі бес жылда фирма 159,9 млн теңге салық төлеген.

МАКАО казиносы

Қонаевтағы тағы бір казиноны «РК МАКАО» компаниясы басқарады. Оның жалғыз құрылтайшысы – Эльмира Сүлейманқызы Сүлейманова. Ол туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ.

2020–2025 жылдары төленген салықтың жалпы көлемі — 12,4 млрд теңге.

Ойынхана орналасқан жер теліміне «БИЗНЕС ПАРТНЕР МАКАО ГРУПП» иелік етеді. Оның құрылтайшылары: Эльмира Сүлейманова мен Елена Евгеньевна Быстрова. Кейінгі бес жылда фирма 845 млн теңге салық төлеген.

Осы казиноға жақын маңда Makao Luxury Village Resort демалыс кешені бар. 2023 жылы Григорий Лепс концерті өтпей қалуына байланысты даудан кейін осы ойынхананы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі ― Нұрәли Әлиевпен байланыстырған. Бұл туралы адвокат Бауыржан Азанов былай деп жазған.

«Greatex Capital Holding B.V. компаниясы шетелде тіркелген, сол себепті оның құрылтайшылары туралы мәлімет жасырын. Алайда, Linkedin әлеуметтік желісіне сәйкес, компания директоры Темірлан Есенғазиев. Ол алты жыл бойы «Донателло» қонақ үйін басқарған. Ол Нұрәли Әлиевке тиесілі. Дәл осы Есенғазиев Темірлан (ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша) МАКАО казиносының басқарушы директоры», ― деп жазды Азанов Facebook-тегі парағына.

Bellagio казиносы

Bellagio ғимараты МАКАО ойынханасының жанында орналасқан. Екеуінің заң тұрғысында жақындығы бар. Казино иесі – «Mega Club». Оның құрылтайшылары – Виталий Вячеславович ЖуковецАнжелия Ибрагимовна ШимониАрон Азизов және жоғарыда аты аталған Елена Быстрова.

Басқарушы компания 2020–2025 жылдарға 14,3 млрд салық төледі.

Жер иесі туралы мәлімет кадастрлық картада жоқ. «Mega Club» компаниясымен жерді жалға беру туралы келісім 2024 жылы жасалған.

«Mega Club» құрылтайшылары туралы да мәлімет жоқ. Тек Арон Азизовтің «Bellagio» жетекшісі екені мәлім. Компания казино орналасқан жерде тіркелген. Құрылтайшысы – Лаура Абрамовна Шимони. Ашық дереккөздерде оны заңгер деп атайды.

Ойын автоматтары залдары

Қонаевта тең қана ойын автоматтарын ұсынатын екі мекеме бар ― Tornado 777 және Zolotoe Runo Slot Hall.

«Қаз Нью Электроникс» компаниясы Tornado 777 мекемесін басқарады. Оның құрылтайшысы – Владимир Михайлович Трубин және Вячеслав Геннадьевич Лигай. Олардың кімдер екені туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ. Компания 5 жылда 2,1 млрд теңге салық төлеген.

Ойын автоматтары залы орналасқан жер кімге тиесілі екені туралы да ресми дереккөздерде мәлімет жоқ.

Тағы бір ойын залы ― Zolotoe Runo Slot Hall қожайыны ― «Lucky Bingo». Оның жалғыз құрылтайшысы – Вантим Зоуков. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Грекиядан келген инвестор ойын мекемесі құрылысына шамамен 2 млрд теңге құйған. 2020 жылдан бері компания 1,8 млрд теңге салық төлеген.

CashVille казиносы

Бурабай ойын аймағындағы жалғыз казино ― CashVille. Оны «СВ Менеджмент» компаниясы басқарады. 2023 жылы тіркелген. Жалғыз құрылтайшысы ― FERNGLEN компаниясы. Оның қожайындары туралы мәлімет жоқ. 2023 жылдан бері казино 3,7 млрд теңге салық төлеген. 

Ойынхана Rixos Borovoe қонақ үйі аумағында орналасқан. Жер телімі «Borovoe Tourism City» компаниясына тиесілі. Оның бір құрылтайшысы бар. Алайда EGOV оның аты-жөнін жасырып қойды. 2020 жылдан бері компания 2 млрд теңге салық төледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында шетел азаматтары үшін ойын аймағы ашылатыны туралы жазғанбыз. Өңір әкімдігі сол үшін инвестор іздестіріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз