Илон Маск Starship ғарыш кемесін ұшыру қарсаңында тікелей эфирге шығады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бүгін Илон Маск Starship ұшырады / фото: REUTERS/Joe Skipper
Бүгін Илон Маск Starship ұшырады / фото: REUTERS/Joe Skipper

Миллиардер Илон Маск сейсенбі күні Starship ұшыру қарсаңында тікелей эфирге шығатынын мәлімдеді. Бұл оның саясаттан кетіп, бизнеске көңіл бөле бастағанын көрсетеді деп бағалайды Bloomberg.

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск АҚШ үкіметіндегі саяси жұмысынан алшақтады. Енді SpaceX компаниясының басшысы сейсенбі күні Starship ұшыру қарсаңында тікелей эфирге шығуды көздеп отыр. Миллиардер Оңтүстік Техаста жақында ғана SpaceX іргесін қалаған Starbase қаласынан қосылады. Тікелей эфир жергілікті уақытпен сағат 13-те (Астана уақытымен түнгі сағат 01.00) басталады.

Содан кейін SpaceX тоғызыншы мәрте Starship алып зымыранын сынақтан өткізеді. Мамандар сынақтың өте маңызды екенін айтып отыр. Өйткені зымыранның бұған дейінгі екі сынағы сәтсіз аяқталған. Биыл қаңтарда, сосын наурызда Starship ғарыш кемесі ұшқанына бірнеше минуттан соң әуеде жарылған. Оның қалдықтары Мексика шығанағына құлаған.

Маск пен оның SpaceX компаниясы Марсқа ұшу үшін Starship зымыранына зор үміт артып отыр. Жақында миллиардер Starship кемесін Қызыл планетаға 2026 жылы ұшыратынын айтқан. Ғарыш кемесінің бортында адам емес, роботтар болады.

SpaceX пен NASA шамамен 4 млрд долларға келісім-шартқа отырған. Ол бойынша компания агенттік ғарышкерлерін Starship көмегімен Айға қондыруы керек. Сол себепті ғарыш кемесінің үшінші мәрте сынақтан сәтсіз өтуі миллиардер мәлімдемелеріне күмәндануға негіз болуы мүмкін.

Масктың арманы көп. Мәселен, Tesla компаниясының басшысы 2025 жылғы маусым айының аяғында АҚШ-тағы бір қалада робот-таксиді сынақтан өткізеді. Бірнеше айдан соң, олардың саны 1 мыңға дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз