Nissan зауыттарын қысқартып, Жапониядағы бас кеңсесін сатып жатыр

Nissan-ның тұрақсыз қаржылық жағдайына байланысты компания бас штаб-пәтерін сатуға мәжбүр. Nikkei Asia басылымы мен Жапонияның ұлттық телерадиокорпорациясы (NHK) таратқан ақпаратқа сәйкес, Иокогаманың орталық іскерлік ауданы Минато-Мираи 21-де орналасқан ғимаратты 2026 жылдың наурызына дейін сату жоспарланып отыр.
Nissan көрсеткіштері төмен
Алдын ала бағалау бойынша, бұл кешеннің құны 100 млрд иеннен асады, бұл шамамен 700 млн АҚШ долларына тең. Айта кету керек, ғимаратты сату Nissan компаниясының басқа кеңсеге көшетінін білдірмейді. Автоконцерн жаңа меншік иесінен кеңсені жалға алуы мүмкін. Мұндай тәсілді автонарықта 2021 жылы өз қарыздарын азайту мақсатында McLaren компаниясы да қолданған болатын.
Айта кетйік, Nissan АҚШ пен Қытайдағы сатылымның төмендеуі мен Honda компаниясымен бірігу бойынша жүрген келіссөз сәтсіз аяқталғаннан кейін 4,5 миллиард доллар шығынға ұшыраған. Осының салдарынан компания жиыны жеті зауытын жауып, әлем бойынша 20 000 қызметкерді қысқарту туралы шешім қабылдаған.
Nissan өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты қосымша 11 000 жұмыс орнын қысқартатынын мәлімдеген.
Бұған дейін, Nissan Қытайдағы екінші зауытын жабатынын жазғанбыз.
Кейінгі жылдары бәсекенің жоғарылығына, тұтынушылар кроссоверлер мен электомобильдерді құп көре бастағанына байланысты көптеген седан конвейерден алынып, келмеске кеткен. Олардың қатарында Nissan шығарған бірнеше әйгілі седан бар.