Қазығұртта 6-сынып оқушысы сабақ уақытында қайтыс болған

Жарияланды
Қазығұртта 6-сынып оқушысы сабақ үстінде қайтыс болған
Қазығұртта 6-сынып оқушысы сабақ үстінде қайтыс болған / Фото: Отбасының жеке мұрағатынан, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ уақытында қайтыс болған. Анасы Гүлмира Көшеевның сөзінше, ойын баласы сыныптасының телефонын тартып алып қашқанда, сыныптасы артынан келіп буындырған. Ауа жетпей тұншыққан Ұлағат оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған. Оқиғаға қатысты мектептің екі қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал төрт мұғалім жұмыстан шығарылған.

«Арадан ай өтпей мұғалімдер қайта жұмысқа қабылданып жатыр», – дейді ашынған ана Курсивке.

Оқиға 7 ақпан күні Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектептің тарих пәні кабинетінде болған. 12 жастағы Ұлағат Сейдолла әдеттегідей анасымен қоштасып, сабағына кетіп, үйіне табытпен оралды.
Ұлағаттың әртүрлі суреті ол өмір сүрген қара шаңырақтың әр бұрышында ілулі тұр. Дерлік барлығында суретке күліп түскен. Суреттерге қарап марқұмның мінезі ашық-жарқын болғанын байқауға болады.

Қазығұртта 6-сынып оқушысы сабақ үстінде қайтыс болған / Фото: Отбасының жеке мұрағатынан, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Сол күні мектепке кетер алдында бетімнен сүйіп, артына қайта-қайта қарады. Өзім мектеп жанындағы балабақшада жұмыс істеймін. 3 сабақ өтер өтпес мектептен хабарласты. «Балаңыздың мазасы болмай жатыр, келіп көріп кетесіз бе?» деді. Сыныбына барсам балам партаның үстінде ес-түссіз жатыр. Үстінің бәрі малмандай су. Аяқ киімін шешіп тастаған. Балам былқ-сылқ етеді. Мұғалімджері «Қоңырау кезінде құлап қалыпты. Кірсек осылай жатыр» дейді. Баламды алдым да дәрігерге шаптық. Дәрігер «кетіп қалыпты» деді. «Аман алып қалыңыздаршы» деп жалбарындым. Содан бала оянбады», – дейді Ұлағаттың анасы Гүлмира Көшеева етегі жасқа толып.

Гүлмира Көшеев – жалғызбасты ана. 9 жыл бұрын күйеуі кенеттен қайтыс болып, бес баламен жалғыз қалған. Ұлағат оның сүткенжесі еді. Айтуынша, қолқанаты болатын. Үй тірлігіне көмектесіп, анасының жанынан қалмай, көңіліне қарайтын. Мектепте оқу үздігі екен. 1-сыныптан бастап «өте жақсы» деген баға алып келген. Осы уақытқа дейін ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінбеген. Ұлағатты жақындары мен туыстары ауыл шетіндегі зиратқа жерлеген соң ауыл ішінде «сыныптасы буындырып өлтірді» деген сөз тараған. Көшеева алғашында бұған сене қоймаған.

«Шымшықтай балалар бірін бірі қылқындырып, өлтірмейтін шығар деп ойладым. Дым сенбедім. Сөйтсем, тарих пәні сабағы болған. Мұғалім сабақта болмаған. Баламның сыныптасы телефон алып келген. Балам оны алып, қашқан. Орындығына отырған кезде әлгі бала арқасынан қуалап келіп, мойнынан буындырған. Ұзақ ұстап тұрған болуы керек, балама ауа жетпей тұншығып өлген. Бала жерге құлаған. Мұғалім сабақта болмаған, ал оқушылар су шашып білгендерін істей берген. Кейін медбикені шақырған. Ол тарих пәні мұғалімі мен директордың орынбасарын шақырған. Олардың бәрі келгенде бала өліп қалған», – марқұм оқушының анасы.

Ол мектеп мұғалімдері өз міндеттерін толық орындап, балаларға қарап, бас-көз болғанда мұндай қайғылы жағдай болмайтын еді деп өкінеді. Тіпті алғашында мұғалімдер баланың «жүрегі ауырады, талма ауруы бар» деп өлім себебін сан-саққа жүгірткен. 2 ай шамасында өлім себебін анықтау үшін тағайындалған сот медициналық экспертиза қорытындысы шыққан. Онда баланың бұрын-соңды ешбір дертке шалдықпағанын, дені сау болғанын көрсеткен. Өлім себебі буындыру, тұншығу екені жазылған.

Ұлағаттың анасы / Фото: Отбасының жеке мұрағатынан, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Гүлмира Көшеева әлі күнге мектеп мұғалімдері кінәсін мойындап, кешірім сұрамағанына қапалы. Оқиғаға байланысты 3 ай тергеу жүрген. Нәтижесінде 4 мұғалім жұмыстан шығарылған. Мектеп директоры мен тағы бір мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткен. Десе де арадан бір ай өтпей сынып жетекшісі мен директордың орынбасары еңбек инспекциясына арызданып, заңсыз жұмыстан қуылғанын айтқан. Кәсіподақ оларды қайта жұмысқа қабылдау туралы нұсқаулық берген. Мұны мектеп әкімшілігі де растады. Ал Көшеева кінәлі мұғалімдердің мектепке қайта жұмысқа келуіне түбегейлі қарсы.

Оразбаева атындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Кенжеев тергеу қорытындысына сай мұғалімдер жұмыстан шеттетілгенімен еңбек инспекциясы қайта тексеріп, бұрынғы директор бұйрықты дұрыс шығармаған деп тапқан. Сөйтіп мұғалімдерді жұмысқа қайта қабылдауға нұсқаулық берген.

«Нұсқаулықты аудандық білім бөліміне алып бардық. Заңдылығын анықтап береді», – дейді Өмірсерік Кенжеев Курсивке.

Гүлмира Көшееваның бар талабы «баламның өліміне себепші болғандар жазасыз қалмаса» дейді. «Ұлағатты буындырып өлтірді» деген сыныптасы 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, қылмыстық іс қысқарған. Оның ата-анасына айыппұл салынған. Тергеушілер баласынан айырылған анаға қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салып, оған бағынбаған жаңдайда қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз