34 көлік пен пентхаусы бар: Алматыда аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі сотқа жетті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, 2 тұрғын үй бұғатталды/фото: shutterstock

Алматыда әйел мен оның 12 туысына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.

Әйел мессенджерде хат-алмасу чаты арқылы Қытайдың, Өзбекстанның және Ресейдің зауыттарымен тікелей жұмыс істейтінін, сондықтан оның ыдыс-аяқ, жиһаз және үйге арналған басқа да керек-жарақ бағасы төмен екенін айтқан. Алайда іс жүзінде қылмыстық схеманы жасыру мақсатында Алматы базарларынан тауар сатып алған. Бұл жағдайда өзіне де шығын келген.

Бұл шығынды азаматтар 6 айдан 12 айға дейін күттіріп, көтерме тапсырыстар есебінен өтеп отырған.

Алаяқтыққа қатысы барлар қаражатты қымбат автокөлік, пәтер, үй, жер, киім алуға, сондай-ақ букмекерлік кеңселерде ақша тігуге жұмсаған.

«Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, жер учаскесі бар 2 тұрғын үйді қолдануға тыйым салынды. Ел бойынша Алматыдан бастап Саран қаласына дейін 4,6 млрд теңге сомасына 290 адам жәбірленуші деп танылған», – делінген ақпаратта.

Прокуратура қылмыстық істі сотқа жолдады.

ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық жауаптылық 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Бұған дейін «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорын құрған Перизат Қайраттың ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімі және ғимарат сатып алғаны айтылды. Әйелден жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленген. Жалпы құны 865 млн теңгені құрайтын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынған.

Сондай-ақ оқыңыз