Маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев 20 күнге қамалды

Маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев тағы да қамалды. Бұл жолы әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті үшін 20 күн қамауда отырады. Мұны блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«20 күннен кейін кездесеміз… Бұл сот жүйесінің және жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі масқара, достар. Адамды Антикордың ар-намысына нұқсан келтірді деп танып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы бойынша жауапқа тарту барып тұрған сұмдық», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабында жала жабу әрекеті көрсетілген. Бұл әрекеті үшін жеке тұлғаға 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға 550 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Бұған дейін Азамат Сәрсенбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатының орнын суретке түсіргені үшін 10 күн қамауда болған.