Шерзат ісін қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов ауыспайтын болды

Шерзат Полаттың ісін қарап жатқан сот Ержан Жанұзақов ауыспайтын болды.
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 28 мамырдағы сот отырысында сотталушы Шынасылдың адвокаты іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа қарсылық білдірді.
Өтінішті қараған судья Асқарбек Беймбетов қаулы шығарды.
«Адвокат Әбеновтің іске төрағалық етуші Жанұзақовқа жариялаған қарсылығы негізсіз болуына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді судья Беймбетов.
Бұған дейін адвокат Әбенов сотқа сарапшыны шақырмағанына сүйеніп судья Жанұзақовқа қарсылық білдіргенін айтты.
Іс құжаттары зерттелді
28 мамырда қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушылар қылмыстық іс құжаттарын зерттеуді аяқтады.
Прокурор Ержан Құрақбаев сотталушы Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың жауап алу барысында полиция қысым жасады, ұрып-соқты деген мәлімдемесі расталмағанын жеткізді.
Сондай-ақ 29 мамырдағы сот отырысына марқұм Шерзат Полаттың ата-анасы Қаржаубай Нұрымов пен Гүлбара Бишембиева шақырылды.