Сотқа Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақатына сараптама жүргізген маман қатысып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісі жалғасып жатыр/фото: kursiv.media

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот отырысына қайғылы оқиға болған күні Нұрқанат Ғайыпбаев алған жарақатқа сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов шақырылды.

Сараптама 2024 жылдың 9 қазанында жүргізілген.

«Тексеру барысында Ғайыпбаевтың сол көзінің астында мөлшері 3,0 және 5 см көгерген қанталау болды. Оң жақ құлағында дәл осындай сипатта қанталау болған. Мөлшері – 2,0 және 1,0 см. Шүйде бөлігінде жұмсақ тіндерінің ісініп қабынуы тіркелді. Оң жақ жамбасы тұсында жара болған, мөлшері – 1,2 және 0,1 см», – деді маман Жолымбетов.

Медициналық тексеруден кейін Ғайыпбаевқа «бас-сүйек миының жабық зақымы; бас миының шайқалуы; басының маңдай бөлігі тұсындағы жұмсақ тіндерін соғып алуы және терісі сыдырылған жаралары; басының шүйде бөлігіндегі қанталау; кеуде қуысы мүшелерінің жабық зақымы; оң жамбасындағы көптеген шаншыла кесілген жаралар; оң тізесі буыны тіндерін соғып алуы» деген клиникалық диагноз қойылған.

Айтуынша, Ғайыпбаевтың жамбас тұсына шаншыла кесілген үш жарақат келтірген. Үшеуі де бір затпен бірінен соң бірі келтірілген, арасы бірнеше секундқа созылған.

Сот-медициналық сарапшы Ғайыпбаев алған жарақатқа оқиға болғаннан кейін бір апта өткеннен кейін тексеру жүргізгеніне назар аударды. Соған байланысты жарақат тереңдігі де өзгеруі мүмкін.

Сарапшыдан кейін мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс құжаттарын оқуды жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша сотталушылар қатарында 9 адам бар. Бұған дейін олардан сотта жауап алу аяқталды. Қазір сот қылмыстық іс құжаттарын зерттеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз