Джей Лоның Алматыдағы концертін терезеден қалай тамашалауға болады

Әлемдік поп әртіс Джей Лоның Алматыдағы концертіне санаулы ғана билет қалды. Оның өзінде сахна дұрыс көрінбейтін, көптің ішіндегі жалғыз адамдық орындар ғана бос тұр.
Ресми ән кешімен Қазақстан топырағына алғаш табаны тигелі тұрған әртістің шоуын алыстан, тіпті үйлердің терезесінен тамашалағысы келетіндер де болады.
Алайда Алматыда мұндай мүмкіндік көп емес. Концерт өтетін Орталық стадионның маңында анық көрініс ашылатын ғимарат біреу ғана. Ол – он қабатты «Шығыс жұлдызы» тұрғын үй кешені. Сәл әріректе «Мининдегі арман», «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешендері орналасқан.
Крыша сайтында аталған кешендердегі пәтерлер бір тәулікке қазіргі уақытта 17 мың мен 65 мың теңге аралығында жалға беріліп тұр.

Бұл концерт билетінен еселеп арзан болғанымен, дәл осы ракурс сахнаның артында орналасқанын ескеру керек. Тикетон сайтындағы мәліметке қарағанда, сахна стадионның оңтүстік жағына қойылады.
Джей Лоның Алматыдағы концерті өтетіні туралы ресми ақпарат кеше шыққан. Шоу билеті 40 мың мен 180 мың теңге аралығында тұрады. Билеттер қол жетімді болмаса да ресми сатылым басталғанда сайтта 10 мың адам кезекте тұрған.