Қазақстан мен Руанда кей визалық талаптарды алып тастауға келісті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қазақстан мен Руанда кей визалық талаптарды алып тастауға келісті
Қазақстан мен Руанда кей визалық талаптарды алып тастауға келісті/Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан мен Руанда Президенттері Ақордада кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, бірқатар құжаттарға қол қойды.

Жиында президенттер екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттарын, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, электрондық үкімет және қаржы салаларындағы байланыстарды дамытуға уағдаласқан.

Ресми делегация мүшелері келіссөз нәтижесінде 9 меморандумға қол қойған. Олардың қатарында дипломатиялық консультациялар, экономика, ақпараттық технологиялар, білім, ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдар бар.

Артынша, Қазақстан мен Руанда президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Руанда дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босатуға келіскеніне тоқталды.

– Бұл ретте халықаралық дәліздердің мүмкіндігін талқыладық. Келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтадық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары парламентаралық дипломатия мәселесін пысықтағанын жеткізді Сондай-ақ көлік-логистика және сауда салаларында бірлескен жұмыс топтарын құру туралы келісім жасады. Қазақстан Президенті мұны сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың тетігі санайды.

Өз кезегінде Поль Кагаме келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады.

– Қазақстан Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Елдеріміз арасындағы берік достық өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға негіз болады. Келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруға ниеттіміз. Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады, – деді Руанда Президенті.

Руанда Президенті Поль Кагаме Қазақстанға ресми сапармен бүгін келген. Ол елдің төртінші мерзімге сайланған президенті.

Руанда – Шығыс Африка мемлекеті. Бұл мемлекет ұрлықтағы халқы ең тығыз орналасқан елдердің бірі. Онда 26,3 мың шаршы километр аумақта 13,2 млн адам тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз