Қазақстан парламенттік басқару жүйесіне өте ме

Президент Қ.Тоқаев Германия Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездескен кезінде Қазақстан үшін қолайлы басқару жүйесін атады.
Президент кездесуде Германияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі стратегиялық серіктесі ретінде атап, бұл ел экономикадағы жетекші инвестордың бірі саналатынын айтқан.
– Германия – біз үшін маңызды ел, Еуропадағы негізгі серіктесіміз. Сіздердің мемлекетпен ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Германияға жасаған сапарым туралы ойыммен бөліскім келеді. Өзім бұрыннан жақсы білетін Штайнмайер мырзамен келіссөз жүргіздім. Ал парламентаралық байланыстарға келетін болсақ, мен ықпалдастықтың бұл бағытын қолдаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Президент Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси реформалар жүргізгенін жеткізіп, басқару жүйесіне байланысты пікір білдірді.
– Заңнамаға, ең әуелі, Конституцияға жасалған өзгерістер Қазақстанның жаңғыру жолына түбегейлі түскенін көрсетеді. Әрине, реформалар жалғасып жатыр. Құқық қорғау және сот жүйесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл – өте маңызды. Бірақ мемлекеттің құрылымы, мен бұл жерде президенттік басқару жүйесі туралы айтып отырмын, бұрынғы қалпында сақталады. Өйткені қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттің сипаты осындай болуға тиіс. Бұл біздің түсінігімізге сай келеді, – деді ол.
Анке Релингер кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел игілігі жолында ортақ мақсаттарды ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
– Ой-пікір алмасуға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет. Сіздің ыстық ықыласыңызды Федералдық Президент Штайнмайерге жеткіземін. Ол – Қазақстан мен Орталық Азияның шынайы досы. Қазақстан орта держава ретінде біздің осы өңірдегі негізгі серіктесіміз, – деді Германия Бундесратының Президенті.
Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланған.
Кейінгі кезде ел ішінде «Қазақстан парламенттік республикаға өтеді, соған байланысты референдум ұйымдастырылады-мыс» деген әңгіме тараған. Президенттің бұл мәлімдемесі сол әңгіме берілген жауапқа ұқсайды.
Қ.Тоқаев бүгін сондай-ақ Руанда президенті Поль Кагамемен кездесіп, кеңейтілген құрамда келіссөз өткізген.