Перизат Қайраттың соты қашан болады

Аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат 9 маусымға дейін іс материалдарымен танысып болуға тиіс. Бұл туралы мәжілісте журналистер сұрағына жауап берген Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлім етті.
Оның айтуынша, аталған істі тергеу толық аяқталып, айыпталушыға іс материалдары танысуға берілген. Перизат Қайрат материалдармен танысуды созып, оған нақты график берілген. Енді ол 9 маусымға дейін танысып бітуге тиіс.
«Одан кейін өтініш хаттарға үш күн беріледі. Одан ары қарай прокуратура 10 күн ішінде соттың алдын ала тыңдау күнін тағайындау бойынша шешім қабылдайды», – деді ол.
Оның сөзінше, іс бойынша әлі күнге дейін екі күдікті өтіп жатыр. «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының өзге құрылтайшылары күдікке ілінбеген.
Бұған дейін, ҚМА Перизат Қайрат су тасқынына деп жиналған ақшаны қалай жымқырып, анасы оған қалай болысқанын баяндаған.