Тоқаев Руанда президентімен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда президенті Поль Кагамеме кездесті.
Тоқаев Кагамеге ілтипат білдіріп, бұл сапардың тарихи мәні зор деп бағалаған. Сондай-ақ Қазақстан мен Руанда арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шығатынын жеткізген.
– Сіздің бұл сапарыңыз және алдағы келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймын. Руанданың экономикасы қарқынды дамып келеді. Меніңше, өзара байланыстарды нығайта беру қажет. Өйткені Қазақстан – ІЖӨ көлемі, ІТ технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды өркендетудің басым бағыттары бола алады. Сондықтан Сіздің сапарыңызға ерекше мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Руанда президенті мемлекет басшысына қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізген.
– Еліңізге шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен бұған дейін Қазақстанға 2015 жылы келген болатынмын, бұл менің екінші сапарым. Өзіңізбен және Сіздің командаңызбен бірге екі ел игілігі жолындағы бірлескен жұмысымызды жалғастырудың мүмкіндіктерін қарастырамыз, – деді Поль Кагаме.
Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, тараптар Қазақстан мен Руанданың саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы қарым-қатынастарын дамыту перспективасын талқылап, аймақтық және халықаралық мәселелер туралы пікір алмасқан.
Руанда — Шығыс Африка мемлекеті. Бұл мемлекет ұрлықтағы халқы ең тығыз орналасқан елдердің бірі. Онда 26,3 мың шаршы километр аумақта 13,2 млн адам тұрады.
Ал оның басшысы Пол Кагаме былтыр төртінші мерзімге сайланған.