Қосымша дайындалмасаң, ҰБТ-дан құлайсың. Әр түлек пен ата-ана білуге тиіс жайт

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қосымша дайындалмасаң, ҰБТ-дан құлайсың. Әр түлек пен ата-ана білуге тиіс жайт
Қосымша дайындалмасаң, ҰБТ-дан құлайсың. Әр түлек пен ата-ана білуге тиіс жайт/Фото: Testcenter.kz

Ел бойынша өтіп жатқан негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушылардың білімі ғана емес, оларды дайындаған орталықтар да бәйгеге түсіп жатыр. Өйткені бүгінде қолы жеткеннің бәрі қосымша дайындыққа барады. Шәкірті неғұрлым көп грант жеңіп алса, соғұрлым орталықтың абыройы аспандап, тасы өрге домалайды. Осы ретте, «қосымша орталық таңдарда неге мән беру керек» деген сауалды осы саланың маманына қойып көрдік.

Мектеп тұрғанда, орталықтың керегі не

ҰБТ сұрақтары толықтай мектеп базасынан алынады. Олай болса, бәрі мектеп бағдарламасында тұр екен, сырттан қосымша білім іздеудің қажеті қанша. Qazbilim ұлттық лицей желісінің негізін қалаушы, педагог Аятжан Ахметжанға бірінші осы сұрақты қойдық. Сөйтсек, әңгіме мынада болып шықты.

Фото: Аятжан Ахметжанның жеке мұрағатынан

2017 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «мектеп ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне жауап бермейді» деген норма қабылдайды. Оған өңірлердің ҰБТ нәтижесі бойынша социализм дәуіріндегідей жарысқа түсіп кетуі, соның салдарынан саланы жемқорлық жайлап, әкімдердің түрлі былық пен шылыққа батқаны себеп болған. Содан бері мектеп баланы 11 жыл бойы оқытқанымен, ақырғы сынақтың нәтижесіне жауапты емес.

Қосымша дайындалмасаң, ҰБТ-дан құлайсың

Мектеп ҰБТ-ға дайындамайтындықтан, қосымша дайындыққа қажеттілік туады, онсыз ҰБТ-дан жоғары балл жинау өте қиын. Тіпті ондай мүмкіндік жоққа тән. Оның салмақты себебі бар.

Мектеп бағдарламасы мен ҰБТ талаптары сәйкес келе бермейді

Білім беру бағдарламасы барлық мектептерде бірдей деңгейде емес. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі, оқыту әдістері, мектептің материалдық-техникалық базасы әртүрлі. Ал ҰБТ – барлық оқушыны бір деңгейде бағалайтын стандартталған тест. Онда нақты логикалық, аналитикалық ойлау қабілетін талап ететін сұрақтар жиі кездеседі, ал мектепте бұл дағдылар әрқалай дамиды.

Терең дайындық жүргізілмейді

Мектеп бағдарламасы тығыз болғандықтан, оқушыларға барлық пәндер теңдей өтіледі. Ал ҰБТ-да бірнеше пәнге ғана терең дайындық қажет. Тестілеуге дайындау мектептен алынғалы, онда ҰБТ пәндеріне арнайы бағытталған қосымша терең дайындық жүргізілмейді.

Қайталаудың кемдігі

ҰБТ-ға дайындамайтындықтан, мектепте тақырыпты өтіп кеткеннен кейін, оны терең қайталау үшін арнайы уақыт бөлінбейді. Ал қосымша дайындықта өткен тақырыптарды қайталап, жаттығу арқылы оқушы санасына сіңдіре түседі.

Қосымша орталық таңдау яки ата-ананың сауаты мен жауапкершілігі

Аятжан Ахметжан ҰБТ тапсыратын оқушы үшін қосымша оқу орталықтарын таңдау тікелей ата-ананың жауапкершілігіндегі жағдай екенін айтады.

«Ата-ана маркетинг құрбаны болмауы керек. Бүгінде көбі соның жетегінде кетіп жатыр. Кім, қалай ашып жатқанын білместен, қалай балаларын сеніп тапсыра беретініне таңым бар. Оқу орталықтарын таңдарда зерттеп, зерделеу керек. Кейін міндетті түрде олармен келісім-шарт жасау қажет. Ол жерде тараптардың міндеті нақты көрсетіліп, ата-ана сонымен алдын ала танысып шығуы міндетті. Егер орталық шартта көрсетілген міндетін орындамаса, мәселені шешудің заңдық жолы бар. Бір-екі рет адам сотқа бергеннен кейін курстар өздігінен ретке түседі. Орталық келісім-шарт ұсынбаса, олармен істес болудың қажеті жоқ. Соған қарамастан, балаларын сеніп тапсырып, кейін «нәтиже күткендегідей болмады деу» адами сауатсыздық дер едім», – дейді маман.

Ереженің кемшілігі

Аятжан Ахметжан ҰБТ-ға дайындықты мектептен алып тастау, қаржылық жағдайы келмейтін, интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ оқушылар үшін күрделі ахуал тудырып отырғанын атап өтті.

«Ереже қабылданғанда көпшілік қуанып жатты, мен қосымша курсқа қолы жетпейтін балалар үшін жыладым. Өйткені ақылы оқуға шамасы келмейтін бала көп. Олар ереже кесірінен ҰБТ-ға жөнді дайындала алмай, гранттан қағылып жатыр», – дейді ол.

Ереженің оң әсері

Педагогтің сөзінше, қосымша оқу орталықтары елдегі білім сапасының көтерілуіне әсер етіп, онлайн сабақтар арқылы қазақша контенттің дамуына үлкен дүмпу әкелген.

«Ақылы оқығаннан кейін адамдарда жауапкершілік, талап ету болады. Сондықтан қосымша курстар білім сапасына әсер етіп жатқаны шындық. Оны көптеген көрсеткіштер бойынша көріп отырмыз. Бұл – бір. Екінші жағдай, бір ғана Youtube-те қазақ тілді контенттің қоры пайда болды. Осыдан он жыл бұрын ол жерден бір тақырыпқа да сабақ таппайтынбыз. Қазір бәсекеге байланысты қосымша білім беретін орталықтар youtube кеңістіктерін қатты дамытты. Соның арқасында үлкен әдістемелік база қалыптасты. Мысалы, Біздің Qazbilim арнасының өзінде 1100-ден астам сабақ бар. Бала сабаққа келе алмаса, ақылы оқуға шарт-жағдайы жетпесе, бұл тегін дайындалуға үлкен мүмкіндік», – деп атап өтті Аятжан Ахметжан.

Youtube-те 100 мың, 150 мың қаралым жинаған сабақтар барына назар аударған ол бұл сонша адамның игілігіне жарағанын аңғартатынын, түптеп келгенде осының бәрі қазақтілді контентті дамытып жатқанын жеткізді.

Бұған дейін, ҰБТ-ның аралық қорытындысы шығып, 29 талапкер аудиториядан қуылғаны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз