Қазақстанда эндаумент-қорларға қатысты жеке заң қабылданды

Мәжіліс эндаумент-қорлар туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұл заң ғылым, білім, медицина және басқа да маңызды салаларды қолдауға арналған тұрақты қаржыландыру көзін қалыптастыруға жол ашады.
Эндаумент-қор деген не?
Эндаумент – бұл арнайы қор, оған ақша, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар немесе зияткерлік меншік (мысалы, авторлық құқық, патент) сияқты мүлік салынады. Бұл мүлік тұрақты сақталады, ал одан түсетін инвестициялық табыс әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл заң Қазақстанда эндаумент-қорларды құру мен дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
«Нысаналы капитал қорын құру кезінде алушының жазбаша келісімін алу талабы енгізілді, бұл ұйымдардың келісімінсіз олардың атынан қор құрғызбайды. Қолданыстағы қорларды бір жылдың ішінде қайта тіркеуді міндеттеген өтпелі ережелер алынып тасталды», – деп атап өтті депутат.
Негізгі өзгеріс қандай?
Қорға мүлікті кемінде 10 жылға немесе шектеусіз мерзімге беруге болады. Егер қордың активтері 10 мың АЕК-ке (2025 жылы бұл шамамен 39,2 млн теңге) жетсе, онда ол міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияға берілуі тиіс.
Қордың басқару шығындары инвестициялық табыстың 15%-ынан аспауы тиіс. Егер табыс болмаса – таза активтің орташа құнының 0,5%-ынан аспауы керек. Белгіленген шекке жеткен активтерді сенімді басқаруға беру мерзімі – 3 ай.
Қазақстанда 21 эндаумент-қор жұмыс істейді. Олардың бірнешеуі ғана қор нарығына инвестиция салады. Негізгі инвестициялық табыс меценаттық қызмет объектісін – ЖОО, мектеп немесе медициналық орталықты қолдауға бағытталады