Олжас Бектенов: Қазақстан италиялық инвесторлармен әріптестікті арттыруға дайын

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан-Италия бизнес-форумында италиялық инвесторларды экономиканың басым секторларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Форум аясында тараптар сауда, логистика және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов өз сөзінде форумның Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетудегі рөлі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік мемлекет басшыларының күш-жігерінің нәтижесінде қарқынды дамып келеді. Энергетика, машина жасау, химия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы секілді салаларда табысты жобалар іске асырылуда.
Екі ел арасындағы сауда-саттық артып келеді
2023 жылы екіжақты сауда айналымы 25%-ға артып, шамамен $20 млрд-ты құрады. Оның ішінде Қазақстанның Италияға экспорты $18 млрд-тан асты. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш $4,4 млрд болды.
Сонымен қатар, Италия — Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстандағы ең ірі бес инвестордың қатарында. Соңғы 20 жылда италиялық компаниялар мұнай-газ, жасыл энергетика, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы жобаларға $7,6 млрд инвестиция құйған.
Инвесторлар үшін жағдай жасалған
Үкімет басшысы елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Қазақстан заңнамасы шетелдік инвесторларға:
- салықтық және кедендік жеңілдіктер,
- заттай гранттар,
- инфрақұрылымдық қолдау сияқты тиімді құралдар ұсынады.
«Біз ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүдделіміз және инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлері негізінде қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз. Италиялық бизнесті Қазақстандағы қатысуын кеңейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуға шақырамыз», – деді Премьер-министр.
Итальян делегациясы атынан форумға қаржы комиссиясының төрағасы Марко Оснато, «Италияда жасалған» жобалары жөніндегі вице-министр Валентино Валентини, сенатор Джулио Терци ди Сант’Агата, Италияның Қазақстандағы елшісі Антонелло Де Риу және басқа да ресми өкілдер қатысқан.
Италия Қазақстан экспортындағы негізгі әріптес елдер қатарына кіреді. Оған қоса Теңіз кен орнында 2 млрд доллардың кешенін Италиядағы консорциум салады.